Вейптердің заңсыз айналымы: Астанада 3,2 млрд теңгеге қылмыстық схема әшкереленді

Қазақстанда электронды тұтыну жүйелерінің айналымына заңмен қатаң тыйым салынғанына қарамастан, вейптерді жасырын түрде әкеліп, миллиондаған кіріс табуды көздеген қылмыстық схемалар әшкереленді. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, жыл басынан бері елімізде заңсыз сауданың 25 дерегі тоқтатылып, қазіргі таңда 37 қылмыстық іс тергеліп жатыр, сондай-ақ айналымнан 276 мыңнан астам вейп тәркіленіп, 18 адамға қатысты 14 қылмыстық іс сотқа жолданды, деп хабарлайды «24KZ».

Ең алаңдатарлығы - тыйым салынған бұл өнімдердің негізгі тұтынушылары жастар мен кәмелетке толмағандар болып табылады, бұл өз кезегінде өскелең ұрпақтың денсаулығына және никотинге тәуелділіктің таралуына тікелей қауіп төндіреді. Осы бағытта өңірлерде ауқымды тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

 Мәселен, Астанада вейптердің заңсыз айналымын ұйымдастырған қылмыстық топтың әрекеті анықталды. Олар өнімдерді сақтау үшін қоймалар мен кеңселерді жалға алып, сауданы интернет-дүкендер және әлеуметтік мессенджерлер арқылы жүргізген. Із жасыру үшін жеке кәсіпкердің банк шоттары пайдаланылып, сатып алушыларға банкке «тұрмыстық техника сатып алдық» деп айту тапсырылған, ал осы шоттар арқылы өткен ақша көлемі 3,2 миллиард теңгеден асқан.

Сонымен қатар, Қарағанды облысында Telegram желісінде вейп сататын интернет-дүкен ұйымдастырған адамдар 2 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасына сотталды, олардан құны 340 миллион теңге болатын шамамен 30 мың электронды тұтыну жүйесі тәркіленді.

Ал Ұлытау облысында «дропперлер» арқылы вейп сатуды ұйымдастырған екі жергілікті тұрғынға төрт жыл бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, қылмыстық жолмен түскен табыстары тәркіленді.

Қаржылық мониторинг агенттігі электронды тұтыну жүйелерін заңсыз әкелу, сақтау, тасымалдау, сату және одан түскен қаражатты заңдастыру қатаң қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын қатаң ескертеді.