Жыл басынан бері 218 мыңнан астам қазақстандыққа атаулы әлеуметтік көмек берілді

Фото: ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Қазақстанда жыл басынан бері 218 мыңнан астам адам атаулы әлеуметтік көмек алды. Оларға жалпы 23,1 млрд теңге төленген. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».

1 қыркүйектегі жағдай бойынша атаулы әлеуметтік көмек 40,4 мың отбасыға тағайындалған. Биыл бұл мақсатқа бюджеттен 62,7 млрд теңге қарастырылған.

АӘК табысы белгіленген кедейлік шегінен төмен отбасыларға беріледі. Көмек тоқсан сайын тағайындалады.

Мемлекеттік қолдау тек ақшалай төлеммен шектелмейді. Еңбекке қабілетті отбасы мүшелеріне жұмысқа орналасуға, кәсіптік оқуға, біліктілігін арттыруға немесе жеке ісін бастауға мүмкіндік беріледі.

Биылғы сегіз айда АӘК алушылар қатарындағы 6 565 еңбекке қабілетті азамат жұмысқа орналасқан.

Сонымен қатар аз қамтылған отбасылардағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға қосымша төлем қарастырылған. Қыркүйектегі мәлімет бойынша мұндай төлем 67,8 мың балаға тағайындалған. Оған 2,5 млрд теңге бағытталды.

Атаулы әлеуметтік көмекке тұрғылықты жердегі мансап орталығы немесе ауылдық округ әкімі арқылы өтініш беруге болады. Сондай-ақ құжаттарды eGov.kz арқылы онлайн тапсыруға мүмкіндік бар.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Сондай-ақ оқыңыз: