Қазақстан мен Үндістан сауда-саттығы кеңейеді

Қазақстан мен Үндістан жалпы құны 122 млн доллар болатын келісімдерге қол қойды. Бұл уағдаластық Ченнай қаласында өткен ауқымды бизнес-форумның қорытындысы бойынша жасалды.

Қатысушылар жаңа тасымал, бірлескен өндірістер мен инвестициялық жобаларды талқылады. Форум Kazakh Invest компаниясының, Үндістандағы Қазақстан елшілігінің және Үндістан мемлекеттік құрылымдарының қолдауымен ұйымдастырылды. Кәсіпкерлер автоматты трансмиссиялар өндіретін зауытта болды. Одан кейін қаладағы фармацевтикалық кәсіпорындардың біріне барды. Сондай-ақ ғылым мен технологиялық бизнес бір алаңда тоғысқан инновациялық орталықтың жұмысымен танысты. Қазақстан тарапынан форумға 110-нан астам қатысушы және машина жасау, агроөнеркәсіп кешені, фармацевтика мен IT салаларын қоса алғанда, түрлі бағытта жұмыс істейтін 65-ке жуық компания қатысты.

Айдар Әбілдабеков, ҚР Сауда және интеграция вице-министрі:

- Kazakh Invest компаниясымен бірлесіп, үнді бизнесін Қазақстанға тарту бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Үнді компанияларының елімізге инвестиция салып, осында өндіріс орындарын ашуына мүдделіміз. Оның ішінде фармацевтика және дәрі-дәрмек өндірісі де бар. Ал Үндістан нарығына Қазақстанның азық-түлік өнімдерін – астық, бұршақ дақылдары, ұн және майлы дақылдарды ұсынамыз.

Қазақстан экспортты да ұлғайтуға дайын. Қазір Үндістанға тасымал көлемін арттыруға болатын шамамен 95 тауар позициясы анықталды. Олардың жалпы экспорттық әлеуеті 313 млн долларды құрайды. Форум аясындағы ең ірі келісімдердің бірі ауыл шаруашылығы техникасын жасау саласына қатысты. Қазақстан және үндістандық компаниялар құны 120 млн доллар болатын жобаны жүзеге асыру жөнінде уағдаласты. Жоба аясында тракторлар жеткізіледі. Кейін оларды Қазақстанда құрастыру жоспарланып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз: