Селден қауіп жоқ
Непалдағы аласапыран әлемді алаңдатып қойды. Мұздықтардың жібуі тағы бір қауіпті күшейтті. Ендігі мәселе, мұндай асқаралы шыңдар бізде де бар. Мұздықтардан бөлек, биіктегі көлдер де шүпілдеп толып тұрады.
«Дегенмен алаңдауға негіз жоқ», - дейді мамандар. Себебі Солтүстік Тянь-Шань тауларында сел қаупі маусымы аяқталып қалды. Теңіз деңгейінен 3 мың метрден жоғары биікте ауа температурасы айтарлықтай төмендеген. Күндіз мұнда сынап бағаны 5 градустан әрі көтерілмейді. Мұздықтардан мореналық көлдерге құйылатын су көлемі де айтарлықтай азайған.
Елімізде 970 мореналық көл бар. Биыл оның 15-і қауіпті деп танылған. Олардың алтауы Алматы маңында, бесеуі Алматы облысында, төртеуі Жетісу облысында орналасқан. Күз келісімен «Қазселденқорғау» мамандары ЮНЕСКО жанындағы Орталық Азия гляциологиялық орталығының ғалымдарымен бірлесіп, мұздықтарды тікұшақ арқылы бақылап шықты. Олар шамамен 200 шақырым аумаққа тексеру жасады.
Бауыржан Әбішев, «Қазселденқорғау» ММ басшысының орынбасары:
- Әуеден шолу-тексеру нәтижесінде қазіргі таңда мореналық көлдердің, қауіпті көлдердің жай-күйі бағаланды. Нәтижесінде сел қауіптілігі қазір төмен болып есептелінеді. Себебі ауа температурасының төмендігіне байланысты. Түнгі ауа температурасы -3, -4-ке дейін жетуіне байланысты.
Мамандар қауіпті көлдердегі су деңгейін оның ернеуіне қойылған пластик құбыр арқылы азайтыпты. Осы әдіс арқылы көлдерден 3 миллион текше метр су шығарылған. Бақылау барысында ғалымдар мұздықтардың жағдайын тексерді. Кейбір жерлерде мұздар көлдің қазандығына түсіпті. «Дегенмен, алаңдауға еш негіз жоқ. Бұл қалыпты әрі табиғи құбылыс», - дейді.
Василий Капица, Орталық Азия гляциологиялық орталығының ғылыми қызметкері:
- Мұздың опырылуы табиғи жағдай. Ол үнемі болып тұрады. Мысалы, кеше Тұйықсу мұздығында жұмыс істеп жатқанымызда, шағын мұз бөлігі опырылып түсті. Ал Непалдағыдай жайттың бізде болуы екіталай. Өйткені мұндағы мұздың көлемі ондай үлкен емес.
«Қазселденқорғау» мекемесі таудағы бақылау бекеттерін жаңартып жатыр. Тіпті интернет желісіне қосылғандары бар. Одан бөлек, жатын орын, ас үй мен керек-жарақтың барлығымен жабдықталған. Мамандардың айтуынша, қыс мезгілінде бекеттер адасқан адамға пана болуы мүмкін. Сондықтан азық-түлік пен дәрі-дәрмек қоры да әзірленіп жатыр.
Авторлары: Ернұр Рысбай, Григорий Беденко, Мұхит Құдықбаев