Павлодарда 20 млрд теңгеге жуық қаржыға жаңа мұз сарайы салынады
Павлодарда көпфункционалды мұз спорт сарайын салуға 19,9 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды 24KZ ҚР Үкіметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жоба Мемлекет басшысының Құрылтайдың бірінші сессиясында берген тапсырмалары аясында өңірлердегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мақсатында жүзеге асырылып жатыр.
Жаңа кешенде Олимпиада талаптарына сай 400 метрлік конькимен жүгіру жолы, канадалық және еуропалық форматтағы екі хоккей алаңы, сондай-ақ керлингке арналған жолақтар болады. Бұдан бөлек, 500 көрерменге арналған трибуна, жаттығу залы, жаттықтырушылар мен төрешілерге арналған бөлмелер қарастырылған.
Кешеннің жалпы аумағы 22 мың шаршы метрден асады. Құрылыс жұмыстары басталып кетті. Нысанды 2027 жылғы желтоқсанда пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Мұз сарайы іске қосылғаннан кейін қысқы спорттың бес олимпиадалық түрін дамыту көзделген. Олар – конькимен жүгіру, шайбалы хоккей, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек және керлинг.
Жаңа кешен спорт секцияларын ашуға, оқу-жаттығу жұмыстарын өткізуге және түрлі деңгейдегі жарыстар ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Қазір 370 мыңнан астам тұрғыны бар Павлодарда 19 хоккей корты жұмыс істейді. Оның бесеуі жабық. Сонымен қатар қалада мұз сарайы мен мұз аренасы бар.
Алайда қолданыстағы спорт нысандары тұрғындар мен спорт ұйымдарының қажеттілігін толық қамтамасыз етуге жеткіліксіз. Жаңа кешен жұмыс істеп тұрған алаңдарға түсетін жүктемені азайтып, қысқы спорт түрлерімен айналысу мүмкіндігін кеңейтеді.