Абай облысында спортшылар туған жерге тал екті

Абай облысы Абай ауданында халықаралық додаларда топ жарып, көк Туымызды көкке көтерген тоғыз спортшыны аудан халқы салтанатты түрде қарсы алды. 

«Тамыры – терең, тұғыры – биік» шарасы аясында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы да жалғасты. Қарауыл ауылының мектеп бітіруші 105 түлегі облыс әкімі ашқан саябаққа 105 түп ағаш көшетін екті. Жиынға зиялы қауым өкілдері, кәсіпкерлер, спортшылар мен жастар қатысты. Жеңімпаздарға арнайы сый-құрмет көрсетіліп, олардың жетістігі жас буынға өнеге ретінде дәріптелді.

Жеңіске жету – маңдай тер мен табанды еңбектің нәтижесі. Ауданның абыройын асқақтатқан спортшылардың әрқайсысы талай бәсекеде ел намысын қорғап, халықаралық ареналарда жоғары нәтиже көрсетіп жүр. Бүгін оларды туған жердің төрінде жерлестері құрметпен қарсы алды.

Мансұр Әлішеков, қазақ күресінен әлем чемпионатының қола жүлдегері:

- Өзіміздің туып-өскен жеріміз бізді өте құшақ жая қарсы алып жатыр. Бізді осылай көтеріп, күтіп алып жатқандарына өте қуаныштымыз. Бұл талды егуіміздің себебі – біздің жас ұрпақ осы тал секілді берік, мықты болып, жайқалып өссін деген ниет. Сондықтан бізбен бірге тал ектіріп жатыр.

Шараға Қарауыл ауылының 105 түлегі де атсалысты. Жастар «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында саябаққа 105 түп ағаш көшетін екті. 

Наз Қайратқыз, 11-сынып оқушысы:

- Ағаштарды біздің ұстаздарымыз еккен болатын. Қазір олар жайқалып тұр. Біздің де осы «Таза Қазақстан» акциясы аясында еккен ағаштарымыз жайқалып өседі деген ойдамыз.

Тағылымды шара ұлттық спорттан да тыс қалған жоқ. Аудан көлемінде тоғызқұмалақ, дойбы және футболдан жарыстар ұйымдастырылды.

Мейіржан Смағұлов, Абай ауданының әкімі:

- Бұл шара ары қарай жылма-жыл жалғасын тауып, алдағы уақытта көк туымызды желбірететін спортшыларымыз да, елдің намысын көтеретін жастарымыз да өседі деген ойдамын. Бүгінгі шара өз деңгейінде өтсе, жастарымыз да соған қарап бой түзейді.

Абай елі атынан халықаралық ареналарда ел намысын қорғаған спортшыларға құрмет көрсетіліп, ат мінгізілді. Ал тағылымды шараның өтуіне үлес қосқан азаматтарға алғыс хаттар табысталды. «Тамыры – терең, тұғыры – биік» шарасын жыл сайын өткізу жоспарланып отыр.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков

Сондай-ақ оқыңыз: