Қазақстан ауқымды құрылыс алаңына айналуға тиіс – Президент

Қазақстан ауқымды құрылыс алаңына айналуға тиіс. Президент үлкен құрылыс қозғалысына «Халықтық құрылыс» деген атау беруді ұсынды, деп хабарлайды 24KZ.

Бұл – экономика мен инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған стратегиялық міндеттердің бірі. Сонымен қатар келесі жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялайтынын жеткізді. Мемлекет басшысы өңірлердегі құрылыс жұмыстарын жоспарлау кезінде тұрғындардың нақты қажеттіліктерін ескерудің маңыздылығына тоқталды. Осыған байланысты облыстардағы денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт нысандарына деген сұранысты жан-жақты зерттеп, талдау жұмыстарын жедел аяқтау қажеттігін айтты. Мемлекет басшысы «Халықтық құрылыс» бағдарламасын елдегі ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі ретінде атады. Бастама аясында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытуға қомақты қаржы бөліп, елді мекендерге газ бен таза ауыз су жеткізу көзделген. Жоба жүз мыңдаған адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Үкімет жыл аяғына дейін нақты жобалардың бастапқы тізімін әзірлеп, барлық өңірді қамтуды жоспарлап отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл жоспарымыз ел игілігін арттыруға арналып отыр, басқа астарлы ойымыз жоқ. Сондықтан осы үлкен құрылыс қозғалысына «Халықтық құрылыс» деген атау берсек, қарсылық болмас деп сенемін. «Халықтық құрылыс» бағдарламасы азаматтардың әл-ауқатын арттыратын, кәсіпкерліктің өркендеуіне, дамуына, ұлттық экономиканы жандандыруға зор ықпал ететін төл тарихымыздағы ең үлкен инфрақұрылымдық жоба болмақ. 

Сондай-ақ оқыңыз: