Өскеменде үш экопарк ашылады
Өскеменде Ертістің жағасында, қайыңды тоғай арасында экологиялық парк салынып жатыр.
Онда серуендеу аумақтары жабдықталып, шағын архитектуралық формалар бой көтереді. Алдағы уақытта Ұлан ауданы мен Таулы Үлбіде де дәл осындай саябақтар ашу жоспарланып отыр. Бұл – «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өлкеде іске асырылып жатқан бастаманың бір бөлігі ғана.
Жыл соңына дейін Өскеменде жалпыға ортақ экологиялық парктер желісі ашылады. Мұндай нысандарды салу үшін көрінісі әдемі, қаланың у-шуынан алшақ учаскелер таңдалған. Мәселен, жоба жетекшілері алдымен Ертістің сол жағалауындағы қайың арасын саябаққа айналдырмақ. Сондықтан бұл жерде қазір қызу қарбалас. «Жұмыс барысында аумақтың табиғи ерекшелігіне нұқсан келтірілмейді», - дейді мамандар.
Экопаркке көлікпен кіруге тиым салынады. Сол себепті кіре берісінде автокөлік тұрағы болады. Ал серуендеу аллеялары бірыңғай табиғи материалдармен әрленеді.
Болатбек Сақалбаев, жоба менеджері:
- Біз мұндағы жұмысты бір айдан астам уақыт бұрын бастадық. Бұл жерде отбасылық демалыс үшін барлық жағдай жасалады. Өйткені өте әдемі, жасыл желек көп. Ауасы да таза. Іргеде Ертіс ағып жатыр.
Шығыс Қазақстан облысында биыл осы іспетті үш экосаябақ ашылады. Болашақта қала тұрғындары тынығатын орындар санын бұдан да арттыру көзделіп отыр. Сала өкілдерінің айтуынша, ол үшін бос жатқан жасыл алаң жетерлік.
Дамир Ерназар, ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы:
- Қазіргі таңда қайың тоғайы экопаркін құру жоспары екі кезеңге жоспарланған. Бірінші кезеңі ағымдағы жылдың соңына дейін беріледі. Ағымдағы жылдың соңына дейін Ұлан ауданында жасыл аймақ және Глубокое ауданында Горная Ульбинка экопаркін толық қолданысқа беру жоспарланды.
Жалпы Мемлекет басшысының тапсырмасына сай алдағы екі жыл көлемінде ел бойынша 46 экологиялық парк құрылады. Олардың дені ірі мегаполистер мен облыс орталықтары маңайында ашылмақ.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов