Қазақстандықтардың 86,7%-ы Президентке сенім білдіреді – ҚҚДИ зерттеуі

Фото:kipd.kz

Қазақстандықтардың 86,7%-ы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім білдіреді. Бұл туралы Қазақстандық қоғамдық даму институтының 2026 жылдың III тоқсанындағы қоғамдық-саяси жағдайдың негізгі индикаторларына арналған зерттеуінде айтылған, деп хабарлайды «24KZ».

ҚҚДИ мәліметінше, сауалнама 31 шілде мен 16 тамыз аралығында жүргізілген. Зерттеуге 18 жастан асқан 2 400 қазақстандық қатысқан. Респонденттер елдің ересек тұрғындарының жынысы, жасы, тұрғылықты өңірі және елді мекен түрі бойынша ұлттық құрылымы ескеріле отырып іріктелген.

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, Президентке деген сенім деңгейі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3 пайыздық тармаққа өскен.

Сенім деңгейінің жоғары болуына Мемлекет басшысының бастамалары туралы қоғамның хабардар болуы ықпал етіп отыр. Респонденттердің 65,8%-ы Президент бастамалары туралы ақпаратты тұрақты түрде немесе оқтын-оқтын алып отыратынын айтқан.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың бірқатар бастамасы азаматтар тарапынан қолдау тауып отыр. Олардың қатарында өткен жылғы Қазақстан халқына Жолдауда айтылып, қазіргі уақытта іске асырылып жатқан жобалар бар.

III тоқсан қорытындысы бойынша ең көп қолдау тапқан бастамалардың қатарында бір палаталы Құрылтайға көшу, 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялау, сондай-ақ «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында тұрғын үй жағдайын жақсартуға және білім алуға қаражат пайдалану мүмкіндігін беру бастамалары бар.

Сонымен қатар технологиялық даму, атом энергетикасы, білім мен ғылым салаларындағы бастамаларға және «Таза Қазақстан» жобасына қоғамның қызығушылығы жоғары.
ҚҚДИ зерттеуіне сәйкес, азаматтардың қолдауы ел дамуының жалпы бағытымен ғана шектелмейді. Қоғам мемлекеттік институттарды жаңғыртуға, жаңа технологияларды енгізуге, адами капиталды дамытуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты шешімдерді де қолдайды.
Жалпы, 2026 жылдың III тоқсанындағы көрсеткіштер мемлекеттік институттарға деген сенім деңгейінің тұрақты екенін және азаматтардың елдегі ахуалды негізінен оң бағалайтынын көрсетеді.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз.

Сондай-ақ оқыңыз: