Қазақстандықтардың әлеуметтік инфрақұрылымға көңілі тола ма?

Фото: kipd.kz

Қазақстандықтардың басым бөлігі әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының қолжетімділігіне қанағаттанған. 2026 жылдың III тоқсанында инфрақұрылымның түрлі элементтеріне оң баға берген тұрғындардың үлесі 57,8%-дан 78,2%-ға дейін жеткен. Бұл туралы Қазақстандық қоғамдық даму институтының әлеуметтанулық зерттеуінде айтылған, деп хабарлайды «24KZ».

Зерттеу барысында тұрғындар өз өңірлеріндегі инфрақұрылым мен қызметтердің 17 негізгі элементін бағалаған.
Ең жоғары көрсеткіш мектептердің қолжетімділігі бойынша тіркелді. Респонденттердің 78,2%-ы өз қаласы, кенті немесе ауылындағы мектептердің қолжетімділігіне қанағаттанатынын айтқан. Яғни әрбір он тұрғынның шамамен сегізі білім беру нысандарына оң баға берген.

Балабақшалардың қолжетімділігіне 73,3% тұрғын қанағаттанған. Ал спорт кешендері мен нысандарының көрсеткіші 71,6%-ды, мәдениет мекемелерінікі 71,1%-ды құрады.

Зерттеу нәтижесінде абаттандыруға қатысты көрсеткіштер де салыстырмалы түрде жоғары болған. Сауалнамаға қатысқандардың 67,8%-ы серуендеу және демалыс орындарының болуына, 67,3%-ы көгалдандыру деңгейіне қанағаттанатынын білдірген. Көшелер мен аулалардың тазалығына оң баға бергендер – 63,8%.
Сонымен қатар балаларды дамыту мүмкіндіктеріне қанағаттану деңгейі 66,2%-ды құрады. Ауыз су сапасына 64,4%, мемлекеттік органдар ақпаратының қолжетімділігіне 64,6% тұрғын оң баға берген.

Жолдардың сапасына қатысты көрсеткіште оң динамика байқалады. Бір жыл ішінде бұл бағыт бойынша қанағаттану деңгейі I тоқсандағы 50%-дан III тоқсанда 57,8%-ға дейін өскен. Дегенмен жол инфрақұрылымы әлі де қосымша назар аударуды қажет ететін бағыттардың бірі болып отыр.

Зерттеу қорытындысына сәйкес, білім беру, балалардың дамуы, мәдениет және спорт нысандары әлеуметтік инфрақұрылымның халық жоғары бағалаған негізгі бағыттары болып отыр. Сонымен қатар цифрлық және көлік инфрақұрылымын одан әрі дамыту қажеттігі байқалады.

Жалпы, зерттеу нәтижелері қазақстандықтардың базалық инфрақұрылымға қанағаттану деңгейі жоғары екенін көрсетеді. Бұл ретте алынған деректер өңірлердегі жағдайды бағалап қана қоймай, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған басымдықтарды айқындауға мүмкіндік береді.

Сауалнама қалай жүргізілді?

ҚҚДИ мәліметінше, «Қазақстандағы қоғамдық-саяси жағдайдың негізгі индикаторлары бойынша тоқсан сайынғы сауалнама» 2026 жылдың III тоқсанында жеке сұхбат әдісімен жүргізілген.
Зерттеуге Қазақстанның 18 жастан асқан 2 400 тұрғыны қатысты. Сауалнамаға республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалалары, 17 облыс орталығы және ауылдық елді мекендердің тұрғындары қамтылған.
Сауалнама 2026 жылғы 1-16 тамыз аралығында жүргізілген.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Сондай-ақ оқыңыз: