Ақтөбе облысында әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға ₸5,7 млрд бөлінді
Ақтөбе қаласындағы жедел жәрдем қосалқы стансасы мен Ырғыз ауданындағы емханаға қосымша ғимараттар салынады. Сондай-ақ Жаңақоныс тұрғын алабындағы психикалық денсаулық орталығының жанында жаңа нысан бой көтереді.
Ақтөбе облысындағы осындай әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру үшін 5,7 млрд теңге бөлінді. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының Үкімет алдына қойған міндеттері шеңберінде жүзеге асады. Бұған қоса, аймақта құны 3 млрд теңгеден асатын шұғыл медициналық көмектің жаңа қосалқы стансасы салынады. «Мұндай шара инфрақұрылымды жаңғыртып, азаматтарға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттырады», - дейді мамандар.
Ерлан Сұлтангереев, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың медициналық инфрақұрылымды ауқымды жаңғырту және мед.көмектің қолжетімділігін арттыру жөннідегі тапсырмаларын іске асыру аясында Ақтөбе облысында құны 5,7 млрд теңгеден асатын үш жобаны жүзеге асыру жоспарланды. Барлық жоба бойынша оң сараптама қорытындысы бар. Жаңа алаңдар пациенттердің жағдайларын және мамандандырылған медициналық көмек көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.