Алматы облысында екі мыңдай азамат әскерге аттанады

Алматы облысынан екі мыңға жуық бозбала биыл күзде мерзімді әскери қызметке аттанады. Олардың жартысынан көбі Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдерінде борышын өтейді.

Қалғаны Ұлттық ұлан мен Мемлекеттік күзет қызметіне және Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Шекара қызметіне барады.

Алматы облысынан күзде 1905 азамат мерзімді әскери қызметке аттанады. Олардың қатарында 18 бен 27 жас аралығындағы азаматтар бар. Солардың бірі – Қарасай ауданының тұрғыны Еларман Мақсатұлы. Ол әскерге өз еркімен баруға шешім қабылдаған. Қазір медициналық тексеруден өтіп жатыр. Азаматтық борышын ҰҚК Шекара қызметінде өтегісі келеді.

Еларман Мақсатұлы, әскерге шақырылушы:

- Қарулы күштердің қатарына кіре отырып, Отан алдындағы борышымды өтеу үшін келіп отырмын. Әр ер азаматтың басты парызы, міндеті – ол Отан алдындағы борышын өтеу. Менің ағам өз Отанының алдындағы борышын өтеп, әскери қызмет атқарды. Мен де сол сияқты атқарғым келеді. Мен шекара қызметіне барғым келеді.

Әскерге шақырылушыларды медициналық тексеру электронды форматта жүргізіледі. «E-Медтексеру» жүйесі азаматтардың денсаулық жағдайы туралы мәліметтерді бірыңғай базаға біріктіреді. Мамандар онда медициналық тексеру нәтижелерін енгізіп, қажетті рәсімдердің өту барысын қадағалайды. Комиссия азаматтың әскери қызметке жарамдылығын анықтау кезінде осы деректерді ескереді. Бұдан бөлек, мерзімді әскери қызметшілерге бірқатар әлеуметтік жеңілдік қарастырылған.

Мұхтар Айтқазин, облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бөлім бастығы:

- ҰБТ тапсыра алмаған балалар қызметте өзін жақсы жағынан көрсетіп жатса, 73 мемлекеттік университеттер бар. Сол жерде ақысыз, тегін оқиды және де кредиттері болса, оған 14 айға шектеледі, каникул беріледі. 12 ай ол әскерде жүргені және 2 ай оларға әскерден келгеннен кейін жұмысқа орналасуына уақыт беріледі. Қазір шамамен 20 пайызы шекара қызметі және Ұлттық ұлан қызметіне шақырылды.

Өткен жылы Ұлттық ұланның 910 әскери қызметшісіне Қазақстанның жоғары оқу орындарында тегін білім алуға сертификат берілген. Осылайша, мерзімді әскери қызмет азаматтар үшін Отан алдындағы борышын өтеумен қатар, жоғары білім алуына жол ашуда.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбай, Аманжол Жөңкешов

Сондай-ақ оқыңыз: