Бопсалау мен есірткі саудасы: ІІМ 22 қылмыстық топ мүшелерін ұстады

Фото: polisia.kz

Елімізде жыл басынан бері ішкі істер органдары діни-экстремистік идеяларды жамылған 22 қылмыстық топтың қызметін тоқтатты. Олардың құрамында болған 64 адам ұсталды, деп хабарлайды «24KZ».

ІІМ мәліметінше, топ мүшелері бопсалау, тонау және алаяқтық жасаған, сондай-ақ браконьерлікпен және есірткі саудасымен айналысқан. Олар қылмыстық әрекеттері үшін атыс қаруын да сақтаған.

Полиция діни экстремизм идеяларын ұстанушылар жасаған пайдакүнемдік-зорлық-зомбылық сипатындағы барлығы 155 қылмыстың бетін ашты.

Мұндай қылмыстық топтар Қазақстанның түрлі өңірлерінде, соның ішінде Алматы қаласында, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында әрекет еткен.

«Мәселен, Алматыда радикалды діни идеяларды ұстанушы төрт адам қала тұрғынының 7,5 миллион теңгесін тартып алған. Сот үкімімен кінәлілер 5 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылды», – деп хабарлады ІІМ.

Петропавлда радикалды діни идеологияны ұстанған әйел жасаған төрт алаяқтық дерегі ашылды. Жалпы шығын көлемі екі миллион теңгеден асты. Ол үш жылға бас бостандығынан айырылды.

Тағы бір іс Павлодарда тергелді. ІІМ мәліметінше, жергілікті тұрғын 17 алаяқтық қылмысын жасаған. Зардап шеккендерге сегіз миллион теңгеден астам шығын келтірілген. Сот оған бес жыл бас бостандығынан айыру жазасын кесті.
Жолы кесілген қылмыстар аясында заңсыз айналымнан 114 бірлік атыс қаруы мен үш бірлік суық қару тәркіленді. Сонымен қатар полиция жеті граната, 1600-ден астам оқ-дәрі және 32 келіден астам есірткі тапқан.

ІІМ жұмыстың тек пайдакүнемдік-зорлық-зомбылық қылмыстарына ғана емес, сонымен қатар радикалды идеологияның, оның ішінде интернет арқылы таралуына қарсы да жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Ақтөбеде қала тұрғыны, полиция мәліметінше, әлеуметтік желілерде діни алауыздықты көпшілік алдында қоздырып, өзге дін өкілдерін қорлаған. Сот оны үш жыл алты айға бас бостандығынан айырды.

Тағы бір жағдайда Ақтөбеде зорлық-зомбылық акцияларын жоспарлаған жас жігіт ұсталды. Терроризмді насихаттағаны үшін сот оған алты жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Түркістан облысында интернетте «Өзбекстан ислам қозғалысы» халықаралық террористік ұйымының идеялары жазылған материалдарды таратқан радикалды діни идеологияны жақтаушы ұсталды. Ол жеті жылға бас бостандығынан айырылды.

 «24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз 

Сондай-ақ оқыңыз: