Air Astana ұшақтарында Wi-Fi қазан айында іске қосылады
Air Astana ұшақтарында интернетті қазан айынан бастап іске қосу жоспарланып отыр, деп хабарлайды 24KZ.
Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков мәлімдеді.
Оның айтуынша, ұшақтарда Wi-Fi желісін іске қосуға қажетті заңнамалық өзгерістер қабылданған. Маусым айында бұл жөнінде Президент Жарлыққа қол қойған. Осылайша, әуе кемелерінде интернетті іске қосуға құқықтық кедергі жоқ.
Біз Air Astana компаниясымен бұл мәселені белсенді түрде пысықтап жатырмыз. Қазан айында интернетке қосылған алғашқы ұшақтар пайда болады деп күтіп отырмыз. Бұл бағытта екі компаниямен жұмыс жүргізілуде: Viasat және OneWeb, – деді Дамир Сейсембеков Үкіметтегі брифингте.
Әзірге ұшақтағы Wi-Fi қызметінің ақылы немесе тегін болатыны белгісіз. Интернеттің билет құнына қосылуы немесе жолаушылардың бөлек ақы төлеуі мүмкін. Сондай-ақ бонустар мен адалдық бағдарламаларын пайдалану нұсқасы қарастырылып жатыр.
Қызмет көрсетудің нақты шарттарын авиакомпанияның өзі жариялайды.