Қазақстандықтарға түркі елдеріне төлқұжатсыз саяхаттау мүмкіндігі берілмек

Фото: ЖИ арқылы жасалған

Қазақстан, Әзербайжан, Түркия, Қырғызстан және Өзбекстан азаматтары болашақта шетелдік төлқұжатсыз, тек жеке куәлік арқылы осы елдер арасында саяхаттай алуы мүмкін, деп хабарлайды 24KZ Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.

Бұл бастама Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдер арасында азаматтардың жеке куәлік арқылы өзара сапар шегуіне мүмкіндік беруді көздейді. Қазір мұндай тәртіп Әзербайжан мен Түркия арасында қолданылады.

ТМҰ бас хатшысы Кубанычбек Омуралиевтің айтуынша, қазір жобаны жүзеге асыру бойынша дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жүйені бір ғана елмен емес, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Қазақстан және Өзбекстан арасында бірлесіп енгізу мүмкіндігі қарастырылуда.

Бұл мәселе күн тәртібінде тұр. Қазір дайындық жұмыстары жалғасып жатыр. Жобаны мүмкіндігінше қысқа мерзімде аяқтауды көздеп отырмыз, – деді Кубанычбек Омуралиев.

Жобаның нақты қашан іске қосылатыны әзірге белгісіз.

Қазірдің өзінде қазақстандықтар Ресей мен Қырғызстанға жеке куәлікпен кіре алады. Бұл елдер арасындағы тиісті келісімдерде қарастырылған.

Ал Қазақстан мен Армения арасында шекараны жеке куәлікпен кесіп өту туралы келісімге қол қойылғанымен, қазіргі таңда екі ел арасында сапарлау үшін төлқұжат қажет.

Сондай-ақ оқыңыз: