Алматыда Чкалов шыңына апаратын аспалы жол салынады
Алматыда теңіз деңгейінен шамамен 4 мың метр биіктікте аспалы жол салынбақ.
Алматы тау кластерін дамыту аясында мамандар Чкалов шыңына апаратын жолдың құрылысы бойынша зерттеу жұмыстарын бастады. Жаңа аспалы жол әлемдегі осындай құрылыстардың ішіндегі ең күрделі әрі ең ұзын үш жобаның қатарына енуі мүмкін. Мамандар мен қажетті жабдықтарды жеткізу үшін тікұшақтар пайдаланылады. Жобаны үш жыл ішінде жүзеге асыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар «Шымбұлақта» тау-шаңғы көтергіші салынып жатыр. Құрылысшылар бетондау жұмыстарын аяқтаған. Жыл соңына дейін жасанды қар жүйесі мен қар көшкінінен автоматты қорғау жүйесі іске қосылады.
Александр Руденко, «Almaty Tau Management» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары:
- Құрылыс жүргізетін уақыт шын мәнінде өте қысқа — шамамен үш жарым ай ғана. Осыған байланысты қысқа мерзім ішінде мердігер ұйымдар өте көп көлемдегі инженерлік коммуникацияларды жүргізіп, жабдықтарды орнатып, ұзақ жылдар бойы сапасын сақтайтын бетон құюы қажет. Мұның барлығы біздің шаңғышыларымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жасалады.