Петропавлда жылыту жүйелері тексерілді

 Петропавлда алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары аяқталуға жақын. Жергілікті жылу электр орталығы негізгі жабдықтарды жөндеуге 21 млрд теңге жұмсаған. 

Жас өркен ықшам ауданында жаңадан салынған көпқабатты үй көп. Сондықтан қысқа дайындықта дәл осы нысандарға ерекше мән беріліп жатыр. Мұндағы жертөлеге мамандар жиі бас сұғады. Инженерлік желіні мұқият тексеріп, осал тұстарды ретке келтіруде. Себебі осы кішігірім ақау алдағы уақытта үлкен мәселенің туындауына ықпал етуі мүмкін.

Тимур Жетпісов, қызмет көрсету мекемесінің жетекшісі:

- Әрбір тетікті үлкен жауапкершілікпен тексеріп жатырмыз. Бұл қысты жақсы өткеріп, көктемді дұрыс қарсы алу үшін маңызды. Кәріз жүйелерін де назарда ұстаймыз. Өйткені барлығы бір-бірімен тығыз байланысты.

Жауапты сала өкілдерінің сөзінше, Петропавлдағы тұрғын үй қоры қысты қарсы алуға толық дайын. Дегенмен жылыту жүйесін уақытылы тексермей, салғырттық танытып отырған үй тұрғындары да бар көрінеді. Сондықтан мамандар жұртты ертерек қамдануға шақырады.

Бердімұрат Баймұқанұлы, Петропавл қалалық әкімдігі түкш бөлімінің баспасөз хатшысы:

- Бүгінгі күні Петропавлда 1198 үй орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылған. Қазір олардың 1112-і алдағы жылыту маусымына дайын. Жылыту маусымы жылдағыдай жоспар бойынша сол қыркүйек айының соңында және қазан айының басында басталады.

Жылумен жабдықтау жұмысынан ақау шықпау үшін қаладағы желілер мен жылу электр орталығының қызметінде мін болмауы қажет. Осы үдеден шығу мақсатында жылу трассалары пен станциядағы жабдықтар жаңғыртылды.

Дмитрий Захаров, жылумен жабдықтау кәсіпорнының директоры:

- Жылу беру маусымын бастауға 5 қазандық агрегаты мен 5 турбоагрегат жеткілікті. 30 қыркүйекке қарай тағы екі қазандық агрегатын жөндеу аяқталады. Сөйтіп, жалпы биылғы қыс мезгіліне 10 қазандық агрегатымен және 6 турбоагрегатпен кіргел отырмыз. Бұл ең жоғары жүктемеге төтеп беріп, сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

«Жылу орталығында отын қоры да жеткілікті», - дейді мамандар. Қыс маусымына 190 мың тоннаға жуық көмір әзірленген.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Нұргүл Ахметова, Төлеген Иманов

Сондай-ақ оқыңыз: