Қонаевта коммуналдық желілер жаңартылады

Қонаев қаласындағы жылу, ауыз су және кәріз жүйесінің 80 пайызы әбден ескіріп, тозған. Осыған байланысты шаһарда коммуналдық желілерді ауқымды жаңғырту жұмыстары басталды. 

Қазір жалпы ұзындығы екі шақырымнан асатын үш учаскеде жөндеу жүріп жатыр. Бұл мақсатқа үкіметтік резервтен қажетті қаржы бөлінді. 

Қонаевтың жылу желілері 60 жыл бұрын пайдалануға берілген. Осы уақыт ішінде құбырлар әбден тозды. Қайта жаңғырту жұмыстары қаладағы проблемалы учаскелерді жаңартудан басталды. Тұрғындар жаңа желі жылу мен ыстық судың тұрақты берілуін қамтамасыз етеді деген үмітте.

Тоғжан Жанмұқаш, қала тұрғыны;

- Қазіргі трубалардың жағдайына келетін болсақ, өте ескірген. Соның бәрі жаңаға өзгеріп жатыр. Осында қаншама жылғы тұрғын ретінде айта аламын жыл он екі ай бізде су болмаған. Қонаев қаласының тұрғыны ретінде біз өте-өте ризамыз осындай жаңа өзгерістер болып жатқанына. Қаламыздың қазіргі жағдайы өте жақсы.

Бұл жұмыстар «Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүргізілуде. Соған байланысты қалада ыстық су беру уақытша тоқтатылды. Мердігерлер Қонаев, Сейфуллин және Абай көшелеріндегі үш учаскеде тозған құбырларды жаңасына ауыстырып жатыр. Оған 40-қа тарта жұмысшы мен 15 техника жұмылдырылған.

Ержан Шоқан, «Қонаев жылу орталығы» МКК директоры:

- Қонаев қаласында 2026-2027 жылғы жылыту маусымына дайындық шеңберінде бізде екі ұлттық жоба қарастырылған. Ұзындығы 2,3 шақырымды құрайды. Екі жобада бізде мердігер жұмыс істеп жатыр. Жұмысын 53%-ға аяқтады. Жылыту маусымына дейін, басталатын уақытта бітіреді деп көздеп отырмыз.

Сонымен қатар қалада ауызсу және кәріз желілері де жаңартылып жатыр. Бұл учаскелердің жалпы ұзындығы – 8,5 шақырым. Екі жобаны жүзеге асыруға Үкімет резервінен 1 млрд 689 млн теңге бөлінді.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбай, Аманжол Жөңкешов

Сондай-ақ оқыңыз: