МИФИ Алматы филиалына биыл 131 студент қабылданды

Биыл «Мәскеу инженерлік-физикалық институты» ұлттық ядролық зерттеу университетінің Алматыдағы филиалына 131 студент қабылданды. 

Мұнда шәкірттер ядролық физика мен атом энергетикасының технологияларын меңгеріп, зертханалық және ғылыми жобаларға қатысады. Ресейлік оқу орнының филиалы 2022 жылы екі ел басшыларының келісімімен ашылған. Университеттің негізгі міндеті – еліміздегі алғашқы атом электр станциясына қажетті мамандар даярлау. 

19 жастағы Азат Дөненбай Қазақстандағы жетекші ресейлік жоғары оқу орнының филиалында үш жылдан бері білім алып келеді. Мақсаты – магистратураға түсіп, ядролық физика саласында ғылыми-зерттеумен айналысу. Жас маман Қазақстандағы болашақ атом электр станциясында еңбек етуді армандайды.

Азат Дөненбай, Мифи Алматы филиалының 3-курс студенті:

- Бұл университет ядролық физика мен технология саласында іргелі білім алуға және алған білімді тәжірибеде қалай қолдану керектігін түсінуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар Қазақстанда энергетиканың жаңа бағыты қалыптасып жатқан кезеңде білім алып жүргенім мен үшін қызықты. Бұл бағыттың дамуына біздің буын, соның ішінде мен де тікелей атсалысамын деп ойлаймын.

Қазақстандағы МИФИ филиалының негізгі білім беру бағдарламасы атом энергетикасына бағытталған. Студенттер ядролық физиканың негіздерін және осы саламен байланысты заманауи технологияларды меңгереді. Үш жыл Алматыда білім алса, төртінші курста Мәскеуде тәжірибеден өтеді. Онда олар арнайы тренажерлар мен симуляторларда жұмыс істеп, атом энергетикасына қатысты тәжірибесін жетілдіреді.

Әлия Алдиярова, Мифи Алматы филиалы басшысының орынбасары:

- Бакалавриаттағы негізгі бағыт – «Ядролық физика және технология». Оның аясында үш білім беру бағдарламасы бар. Екеуі инженерлік бағытқа жатады. Біріншісі – ядролық энергетикалық қондырғыларды пайдалану, екіншісі – киберфизикалық жүйелер мен қондырғылардың электроникасы және автоматтандырылуы. Бұл мамандар атом электр станцияларының басқару пульттерінде жұмыс істейді. 

Ресейлік жоғары оқу орнының филиалындағы студенттер Қазақстанның білім беру гранты бойынша оқиды. Мемлекет жыл сайын бакалавр дайындауға – 100, ал магистратураға 30 грант бөледі.

Әлия Алдиярова, Мифи Алматы филиалы басшысының орынбасары:

-  Биыл 131 студент қабылдадық. Сонымен қатар ақылы бөлім де бар. Жоспар толық орындалды. Студенттерге қазақстандық және ресейлік профессорлар дәріс оқиды. Оқудың алғашқы екі жылында сабақтарды Қазақстан мен Ресейдің оқытушылары жүргізеді. Ал үшінші және төртінші курстарда бейіндік пәндер басталады. Бұл кезеңде негізінен Мәскеуден келген мамандар дәріс береді.

Мәскеу инженерлік-физикалық институтының еліміздегі бөлімшесі 2022 жылы Қазақстан мен Ресей арасындағы атом энергетикасына кадр даярлау жөніндегі келісім аясында ашылған. Бұл салада технологиялар үнемі жаңарып отырады. «Сондықтан студенттерге үздіксіз білім беру олардың кәсіби  маман болып шығуына жол ашады», - дейді оқытушылар. 

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев

Сондай-ақ оқыңыз: