Ақтөбеде «Үздік маман-2026» кәсіби шеберлік байқауы өтіп жатыр
Ақтөбеде газ саласының мамандары арасында республикалық «Үздік маман-2026» кәсіби шеберлік байқауы өтіп жатыр.
Екі күнге созылатын додаға «QazaqGaz Aimaq» АҚ-ның еліміздің барлық өңірінен келген қызметкерлері қатысуда. Олар өз білімдері мен тәжірибелік дағдыларын сынға салып, өзара тәжірибе алмасады.
Республикалық «Үздік маман» байқауы биыл да «QazaqGaz Aimaq» АҚ-ның Ақтөбе филиалында ұйымдастырылып отыр. Сайысқа 56 маман қатысуда. Қатысушылар газ жабдықтарымен жұмыс істеу шеберлігін және өндірістік жағдайда жедел шешім қабылдау қабілетін дәлелдейді. Қауіпсіздік талаптарын сақтау деңгейін тексеру де – басты талаптардың бірі.
Кенжебек Ғалымжан, байқауға қатысушы:
- Ол дегеніміз мынау азанғы жұмысқа келіп, кешке үйге отбасына қайтқанға дейінгі осы жұмыс барысындағы қауіпсіздігімізді қадағалап нұсқаулықтар беріп отыр. Сол нұсқаулықтармен жұмыс жасап осындай жетістіктерге жетіп жатырмыз.
«QazaqGaz Aimaq» АҚ-ның газ тарату желілерінің жалпы ұзындығы 77 мың шақырым. Жүйенің сенімді әрі қауіпсіз жұмысын 6 мыңнан астам маман қамтамасыз етеді. Ал байқаудың басты мақсаты – жұмысшы мамандықтардың беделін арттырып, қызметкерлердің кәсіби шеберлігін жетілдіру.
Уәлихан Қымбатов, «Qazaqgaz Aimaq» АҚ бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары:
- 17 аймақтарда 6300 адам іріктеуден өтіп осы Ақтөбеге тек қана жеңімпаздар келді. Облыстардың қалалардың бірінші орындары келіп осы додаға қатысайын деп жатыр. 1,2,3 орын алғандарға үстемеақы төленеді. Жыл бойы үздік жұмысшы ретінде жыл бойы үстеме төленеді.
Байқау үздіктері ертең анықталады. Қатысушылар ұсынған озық тәжірибе мен тиімді жұмыс тәсілдерін алдағы уақытта компанияның өндірістік қызметінде кеңінен қолдану жоспарланып отыр.
Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Наталья Салкова, Болат Молдағалиев