Жамбыл облысында тұрмыстық зорлық-зомбылық тыйылмай тұр
Жыл басынан бері полицияға отбасылық жанжалға қатысты 4 мың 657 шақырту түсіп, 69 қылмыстық іс тіркелді. Оның ішінде ұрып-соғу, денсаулыққа қасақана зиян келтіру дерегі бар.
Есімі өзгертіліп, жүзі көрсетілмеуін өтінген бұл келіншек – 40 жаста. Көпбалалы ана 14 жыл бойы күйеуінен зорлық-зомбылық көріп келген. Сөзінше, жұбайы ішімдікке әуес болған. Ащы суға сылқия тойып, жиі қол көтерген. Бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылып, тіпті қамауға алынғанымен күйеуі әдетінен танбаған. Соңғы жанжал кезінде әйел басынан жарақат алып, миы шайқалған. Бұдан бөлек, мойны мен оң жақ санына пышақ сұғылған. Қазір күдікті қамауға алынып, оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.
Аида, қала тұрғыны:
- Үнемі ішетін. Біз үйленгеннен кейін 1 жыл жақсы өмір сүрдік. Үлкен ұлымды босанғаннан кейін барып, осындай ұруды қол көтере бастады. Көшеде қанша рет ұрып кеткен. Бұған дейін көп жағдай болған кезде балалар үшін мен кешіргенмін. Өзі де уәде берген өзгерем деп. Бірақ өзгермеді.
Облыс бойынша жыл басынан бері отбасылық жанжалға қатысты полицияға 4657 шақырту түскен. Басым көпшілігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық негізінде іс қозғалған. Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімі тек құқықбұзушылықтарды тергеумен шектелмейді. Түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, отбасылық жанжалдардың алдын алуға да басымдық береді.
Диляфруз Кенжеханова, Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы:
- Профилактика жұмысы барысында учаскелік полиция инспекторларымен 3500 ден аса әкімшілік хаттама толтырылған. Оның ішінде 2570 абьюзерге қорғау нұсқама шығарылды. Оның ішінде 300 дерек бойынша сотпен ерекше талаптар қойылды.
Биғиса Байгисиев, қалалық прокуратураның бөлім бастығы:
- Талдау барысында бір мекенжайдан бірнеше рет тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы хабарламалар түскен 110 мекенжай анықталды. Отбасылық тұрмыстық салада зорлық-зомбылық жасауға бейім тұлғаларға қатысты жеке профилактикалық жұмыс ұйымдастырылды. Азаматтарды зорлық-зомбылық фактілеріне бей-жай қарамауға және тиісті мәлімет болған жағдайда құқық қорғау органдарына уақытылы жүгінуге шақырамыз.
Ал зорлық-зомбылық құрбандары үшін екі арнайы орталық қызмет етеді. Сегіз ай ішінде осында 70 әйел көмекке жүгініп, балаларымен 6 айға дейін тұра алады. Ана мен балаға психологтар көмектесіп, түрлі үйірмелерге қатысуға мүмкіндік жасайды.
Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділді