Қазақстанда бес жасқа дейінгі балалар өлімі 38,5%-ға азайды
Қазақстанда соңғы бес жылда бес жасқа дейінгі балалар өлімі айтарлықтай төмендеген. 2021-2025 жылдар аралығында көрсеткіш 38,5%-ға азайған, деп хабарлайды 24KZ Energyprom.kz сайтына сілтеме жасап.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2021 жылы бес жасқа дейінгі 4,4 мың бала қайтыс болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 2,7 мыңға дейін төмендеген. Оның 1,5 мыңы – ұл балалар.
Балалар өлімінің коэффициенті де азайған. 2021 жылы әр мың тірі туған балаға шаққанда бұл көрсеткіш 9,9 болса, 2025 жылдың қорытындысында 8,1-ге түскен.
Мамандардың бағалауынша, көрсеткішке жүктілік кезіндегі ықтимал қауіптердің алдын алу, жаңа туған нәрестелерді бақылау және медициналық көмекті уақтылы көрсету сияқты факторлар әсер етеді.
Сонымен қатар өңірлер арасында айырмашылық бар. 2025 жылы Астанада бес жасқа дейінгі балалар өлімінің коэффициенті 6,4, Алматыда 6,6 болған. Ақмола облысында ең төмен көрсеткіштердің бірі тіркеліп, 5,1-ді құрады.
Ал ең жоғары көрсеткіш Қызылорда және Ұлытау облыстарында байқалған. Мұнда коэффициент тиісінше 10,5 және 10,4 болған. Бұл республикалық орташа көрсеткіштен шамамен үштен біріне жоғары.
Айта кетейік, өлім саны мен коэффициенті бір-біріне тікелей сәйкес келе бермейді. Мәселен, Ұлытау облысында көрсеткіш жоғары болғанымен, 2025 жылы қайтыс болған балалардың абсолюттік саны өңірлер арасында ең аз – 37 бала.
Ал бес жасқа дейінгі балалар өлімінің ең көп саны Түркістан облысында тіркелген. Мұнда 2025 жылы 455 бала қайтыс болған.