Қазақстанда балаларға арналған фастфуд жарнамасын шектеу ұсынылды

depositphotos.com

Денсаулық сақтау министрлігі фастфуд пен зиянды өнімдерді насихаттауға заң жүзінде қатаң шектеу қоюды ұсынды, деп хабарлайды «24KZ».

Бұл шара балалардың тағамдық талғамына маркетингтік ықпалды азайтып, ерте жастан дұрыс тамақтану әдеттерін қалыптастыруды көздейді. Министрлік өкілі Гүлнар Сәрсембаеваның айтуынша, аталған өнімдердің жарнамасын теле- және радиоарналарда, әлеуметтік желілерде, сондай-ақ сыртқы жарнама құралдарында шектеу жөнінде заңнамаға өзгерістер енгізу ұсынылып отыр. 

Ведомство деректеріне сүйенсек, елімізде 6–9 жас аралығындағы балалардың 23%-ында артық дене салмағы бары анықталған, ал 6%-ы семіздікке шалдыққан. Сонымен қатар жасөспірімдердің 17,5%-ы энергетикалық сусындарды апта сайын тұтынатыны белгілі болды. Бұл ретте Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдары мен халықаралық тәжірибе негізге алынған.

Қазақстанда балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын қорғауға бағытталған басқа да шаралар қатар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, 21 жасқа толмаған тұлғаларға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынып, білім беру ұйымдарында рациондағы қант пен тұз мөлшерін азайтып, көкөністер пен жемістердің үлесін арттыруды көздейтін жаңа тамақтану стандарты қолданысқа енгізілді.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі, ұсынылып отырған жаңа өзгерістер жекелеген өнімдерге толық тыйым салуды емес, олардың балалар арасындағы насихатын шектеу мақсаты, -деп түсіндірді. 

Сондай-ақ оқыңыз: