Жаңаөзенде мефедрон тасымалдады деген күдікпен 29 жастағы ер адам ұсталды
Жаңаөзенде психотроптық заттарды өткізу мақсатында тасымалдады деген күдікпен 29 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды 24KZ.
Күдікті 13 қыркүйекте Теңге ауылындағы дүкендердің бірінің маңында қолға түскен. Жеке тінту кезінде одан ақ түсті ұнтақ салынған 9 пакет, ақша және ұялы телефон тәркіленді.
Кейін ер адам полицияға психотроптық заттар жасырылған орындарды көрсеткен. Сол жерлерден тағы 9 пакет табылып, тәркіленді.
Сараптама қорытындысына сәйкес, алынған заттардың құрамынан 4-метилметкатинон, яғни мефедрон анықталған. Оның жалпы салмағы 1,65 грамм болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті психотроптық заттарды әрі қарай өткізу мақсатында Ақтаудан Жаңаөзенге жеткізген.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 297-бабымен қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір тергеу жүріп жатыр.
Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды.