Қаржылық мониторинг агенттігі атынан жалған хаттар тарап жатыр
Сан түрлі қауіп-қатер алаяқтардан да төніп отыр.
Мәселен, Қаржылық мониторинг агенттігі атынан жалған хат таратудың тағы бір дерегі тіркелді. Мемлекеттік органға жолданған хатта қаскөйлер ресми тексеріс жүргізіліп жатқанын хабарлап, белгілі бір азаматтың жеке мәліметтерін, оның мінездемесі мен өзге де ақпаратты сұратқан. Алаяқтар бұған дейін де осыған ұқсас тәсіл қолданған еді. Жалған хаттар жібергеннен кейін олар азаматтарға телефон немесе мессенджер арқылы хабарласып, өздерін Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері ретінде таныстырған. Сөйтіп, түрлі сылтаумен азаматтардың жеке және банк деректерін алуға тырысыпты. Тіпті кей жағдайда ақша бопсалаған.
Ернар Тайжан, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:
- ҚМА ескертеді: Агенттіктің ресми хаттары тек белгіленген тәртіппен жолданады; ҚМА қызметкерлері телефон арқылы банк шоттарының деректерін беруді немесе ақша аударуды талап етпейді; құжатта логотип, мөр немесе қолтаңба бар екеніне ғана сүйеніп, оған сенуге болмайды; күмәнді хат алсаңыз, оның шынайылығын Агенттіктің ресми байланыс арналары арқылы тексеріңіз. Бейтаныс адамдарға жеке және банк деректеріңізді бермеңіз, олардың нұсқауымен ақша аудармаңыз. Күмән туындаған жағдайда ҚМА-ның 1458 нөмірлі Call-орталығына немесе +7 (7172) 70-84-79 телефоны арқылы кезекші бөлімге хабарласыңыз.