Бір айда жүзден астам адам жалған инвестицияға алданып қалды

Елімізде бір айдың ішінде 100-ден астам азамат жалған инвестициялық жүйеге алданып, қомақты қаржысынан қағылды.

Алаяқтар әлеуметтік желіде танымал адамдардың атын жамылып, табысқа кенелуді ұсынады. Біртіндеп құрбандарының сеніміне кіріп, ірі көлемде ақша құюға үгіттейді.

Ірі банк иесінің атынан жасалған жарнама. Әлеуметтік желідегі видеода аз ақша салып, инвестиция арқылы табыс табуға шақырады. Бастапқы салым - 50 мың теңге. Осы жарнамаға сенген Светлана Устимова жалған қосымшаға ақша салған. Алдымен 50 мың теңге. Кейін тағы 250 мың қосқан. Кейін жеке кабинеттен қаражаты өсіп жатқанын көрген. Осылайша, салымы 350 мың теңгеге жеткен.

Светлана Устимова, жәбірленуші:

- "Инвестиция салсаңыздар, сіздерге арнайы мамандар қосылады, күн сайын бағыт-бағдар беріп отырады", - деді. Басында күмәндандым. Бірақ бәрі шынайы көрінді. Қосымшада ақшам өсіп жатқанын көріп, тағы қаражат салдым. Кейін «ақшаңыз аз» деп, соманы көбейтуді сұрады. Тіпті несие алып, инвестицияға салуды ұсынды. Мен бас тарттым да, кабинетті жауып, ақшамды қайтаруды талап еттім. Содан кейін кабинетті жабу үшін арнайы операция жасау керектігін айтты. 1 жарым миллион теңге несие алдым. "Ақша аударғаннан кейін кабинеттің 65 пайызы ғана жабылғанын айтып, тағы кепілгер керек", - деді. Күйеуіме де хабарласып, 2 миллион теңге несие алуды сұрады. Сол кезде күмәнданып, полицияға арыз жаздым. Жарнамадағы ірі банкке де хабарластым. Олар мұндай инвестиция туралы білмейтінін айтты. Бірақ алаяқтар кейін де қоңырау шалып, қарызымның өсіп жатқанын, мүлкім бұғатталатынын айтып қорқытты. 

Мұндай схемаға алданғандар аз емес. Қаскөйлер әлеуметтік желілерде танымал адамдардың бейнесін пайдаланып, жалған инвестициялық жобаларды жарнамалайды. Алғашқы салым аз көрсетіледі. Кейін қаражатты көбейтуге үгіттейді. Тек соңғы айдың өзінде ел бойынша осындай 119 дерек тіркелген. Мәселен, жуырда Талдықорған тұрғыны Instagram-нан трейдинг арқылы жоғары табыс табуға шақырған жарнаманы көрген. Сілтеме арқылы деректерін қалдырған соң, оған алаяқтар хабарласқан. Олардың нұсқауымен үшінші тұлғалардың шоттарына 7 миллион теңгеден астам ақша аударған. Алайда жәбірленушінің шотында көрсетілген табыс жалған болып шықты. 

Мадина Орынбасарова, ҚР Бас прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп тексерудің заңдылығын қадағалау және қудалау қызметінің басқарма прокуроры:

- Бас прокуратура азаматтарға алаяқтықтың кең таралған схемасы туралы ескертеді. Бұл жағдайда қаскөйлер тиімді инвестициялау сылтауымен әртүрлі жоқ жобаларға салым жасауға уәде беріп, азаматтардың ақшалай қаражатын иемденеді. Жоғары табысқа кепілдік беретін ұсыныстарға сенбеңіздер және инвестициялау деген сылтаумен белгісіз адамдарға ақша аудармаңыздар. Ақшалай қаражатты инвестициялаудан бұрын компания және ұсынылып отырған инвестициялық жоба туралы ақпаратты өз бетінше тексеріңіздер. Күдікті хабарламалар немесе қоңыраулар келіп түскен жағдайда белгісіз адамдармен әңгімені тоқтатыңыз және оларға банк карталарының деректерін, SMS арқылы келетін кодтарды және ақшалай қаражатқа қол жеткізуге мүмкіндік беретін өзге де мәліметтерді хабарламаңыздар.

Адвокат Ардақ Абеуова ақша аударымдары да бірнеше шот арқылы жүргізілетінін айтады. Қаражатты қабылдап, әрі қарай басқа есепшоттарға жіберетін адамдар «дроппер» екенін ескертеді.

Ардақ Абеуова, адвокат:

- Заң тұрғысында өзгеріс болды ғой. Былтыр, мысалы, дропперлерге қатысты заң қатаңдатылды. Ол дегеніміз, сізге қандай да бір адам келіп: "Мен сізге ақшалай берейінші, менің осындай шотыма осындай жерге жібере аласыз ба" деген өтінішпен келуі мүмкін, ондайда да келісуге болмайды. Ол адам автоматты түрде дроппер болып қалуы мүмкін. Сондықтан өте мұқият болу керек. Олай жасауға болмайды. Бұл заңсыз әрекет болып саналады. Неге десеңіз, мысалы, мен сізге барам да айтамын: "Осындай жерге ақшаны жібере салыңызшы, мен сізге, мысалы, сол ақшаға қосымша ақша берейін" деп. Ол қандай шотқа жіберіп жатсыз, бола ма, болмайды ма деген сияқты. Сондықтан келіспеңіздер.

Айта кетейік, жыл басынан бері кибералаяқтар қазақ­стан­дықтарға 30 млрд теңгеге жуық шығын келтірген. Мамандар күмәнді инвестициялық ұсыныс түскен жағдайда компанияның заңды мәртебесін және жобаның шынайылығын тексеруге шақырады. Күмәнді ұсынысқа ақша аудармай тұрып, ақпаратты тексерген абзал. 

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Ақылбек Есімсейітов

Сондай-ақ оқыңыз: