Астанада ғимаратқа жарылғыш зат қойылды деп хабар таратқан жасөспірім Украинада ұсталды
Қазақстан Ішкі істер министрлігі мен Украина киберполициясының бірлескен жұмысы нәтижесінде 26 тамызда Сумы қаласында Астанадағы сауда орталығында жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған хабарлама жіберген кәмелетке толмаған күдікті ұсталды, деп хабарлайды 24KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Тінту кезінде ұялы телефондар, планшеттер, ноутбук, жүйелік блок және банк картасы тәркіленді. Электронды құрылғылардан цифрлық айғақтар, соның ішінде хабарлама жіберуге пайдаланылған аккаунт, хабарлама мәтіні және өзге де мәліметтер анықталған.
Қазіргі уақытта тәркіленген техникаларға талдау жүргізілуде. Ықтимал сыбайластар анықталып, ұсталған адамның осыған ұқсас басқа да фактілерге қатысы бар-жоғы тексерілуде,— деп хабарлады ҚР ІІМ.
Министрлік Украина құзырлы органдарымен күдіктіге қатысты бұдан арғы процестік шешімдерді қабылдау мәселесі бойынша өзара іс-қимыл жалғасып жатқанын атап өтті.
ІІМ жалған түрде ғимаратқа жарылғыш зат қойылғаны, терроризм, адамды кепілге алу немесе қауіпсіздікке төнген өзге де қатерлер туралы хабар таратудың әзіл емес екенін ескертті. Мұндай әрекеттер заң бойынша қатаң жауапкершілікке әкеп соғады.
Министрлік ата-аналарға балаларға интернетте қауіпсіз әрі жауапты әрекет ету ережелерін түсіндіруді, сондай-ақ әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі күмәнді белсенділікке назар аударуды ұсынды.