Атырауда кейбір тұрғын үй кешендері жылыту маусымына дайын емес
Атырауда 670 пәтер мен 20 кәсіпкерлік нысан қыстың күні жылусыз қалуы мүмкін.
Оның бір себебі кейбір нысандар тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің балансына өтпеген. Мысалы, «Абырой» тұрғын үй кешенінің 4 жылдан бері құжаты дайын емес. Үйді салған «К7 тобы» құрылыс компаниясы бұл істе салғырттық танытты, дейді мамандар. Нысан қалалық әкімдіктің балансына берілмегеннен кейін жылыту маусымына дайындық жүргізілмеген.
Облыс орталығындағы «Абырой» тұрғын үй кешені 2022 жылы пайдалануға берілген болатын. Мұнда 700- ге тарта отбасы және 19 кәсіпкерлік нысан қоныстанған. Тұрғындар үшін әзірге жылу мен ыстық судан проблема жоқ. Бұған дейін барлық шығынды құрылысшы компания төлеп келген еді. Бірақ биыл «Абырой» абыройдан айырылғалы тұр. Мұнда әлі күнге жылыту маусымына еш дайындық жасалмаған. Себебі биылдан бастап құрылысты жүргізген компания қызмет көрсетуден бас тартып отыр.
Қамажай Омарова, мүлік иелері бірлестігінің төрағасы:
- Енді сіздерге біз ақша төлемейміз шілде айынан бастап обслуживание котельный дейді сонысын өздеріңіз төлейсіз деп тек хат жазды да кетті. Бірақ котельный застрощик «Сартай-сервистің» балансында. Біздің балансымызға өткен жоқ. Ешқандай құжат берген жоқ бізге. Амалсыздан біздер ОСИ, 1 айға договорға отырып, ТОО Өмірзақпен совет дом болып протокол жасап, 1 айдың 700 мың ақшасын төледік.
Алайда одан бері де 1,5 ай уақыт өтті. Тұрғын үй кешенін пайдалануға берген «К7 тобы» компаниясы тарапынан еш қозғалыс байқалмайды. Сол себепті жергілікті билік қысқы маусымға дайындықты өздері қолға алмақ.
Эльдар Қариполлаев, қалалық ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы
- «К7» тұрғын үй кешеніне қатысты сұрақтар туындады Бұл ең басты манағы Застройщик дейміз ғой, сол уақытылы құжаттарын тапсырмауынан, онан бөлек біздің коммуналдық КОЖД мекемесінің зерделеу барысында берілген нұсқамаларын уақытылы орындамауынан осындай қауіп алып келуі бар. Дегенмен де, бұл сұрақтарды жедел шешуге тапсырма берілді.
Күні бүгін Атырау қаласы жылу қабылдауға 95 пайыз дайын. Облыс орталығындағы 1200 ге тарта көп қабатты үйдің 85 пайызы сынақтан өткізілген. Жалпы қалада соңғы 5 жылда 7 жаңа тұрғын үй кешені бой көтерді. Ал «Абырой», «Самал Таун» және «Фемили» тұрғын үй кешендері жылу беру маусымына әлі дайын емес.
Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин