Алматыда пәтерге тіркеу тәртібі өзгерді

Алматылықтар енді өз пәтеріне көп адамды тіркей алмайды. Бүгін қалалық мәслихат депутаттары тұрғындарды мекенжай бойынша тіркеудің жаңа тәртібін бекітті. 

Бұдан былай үйдің аумағы есептеледі. Алматы әкімдігі осылайша қаладағы «резеңке пәтерлерге» тосқауыл қоюды көздейді. 

Енді үй иесі пәтеріне бөтен адамдарды оңды-солды тіркей алмайды. Себебі әр адамға 15 шаршы метрден орын болуы тиіс. Мысалы, пәтеріңіз 45 шаршы метр болса, бөгде үш адамнан артық тіркеуге тиым салынады.

Қайрат Бегалин, қалалық Мәслихаттың депутаты:

- Бұл шешім бізге қала тұрғындарының нақты санын көруге мүмкіндік береді. Ал нақты статистикамен мектеп, аурухана, жол сияқты қалалық инфрақұрылымды дұрыс жоспарлаудың негізі деп білемін.

Жобаны қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жасаған. Бұл ретте 15 шаршы метр – әр адамға жеке-жеке осындай көлемдегі тұрғын үй берілуге тиіс деген сөз емес. Бұл тек тіркеу кезінде қолданылатын есептік норматив. Үй иесінің отбасы мүшелеріне оның қатысы жоқ.

Бауыржан Жаубасов, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

- Жоба бойынша белгіленген нормативтен артық адамды тіркеуге мүмкіндік бар. Яғни меншік иесінің өзінің жақын туыстарын белгіленген нормативтен асыра отырып тіркеуге мүмкіндігі бар. Атап айтқанда, меншік иесінің жұбайын, балаларын және олардың отбасы мүшелерін тіркеуге болады.

Осы жазда прокуратура бір пәтерге 990 адамның тіркелгенін анықтады. Мұндай үйді ел ішінде «резеңке пәтер» деп атайды. Аядай бөлмеде мыңға жуық адамның тұрмағаны анық. Қадағалау органының мәліметінше, «қонақжай қожайын» ол үшін ақша алып отырған. Соңғы жылы Көші-қон қызметі осы сияқты 80-нен аса заңбұзушылықты анықтапты.

Біржан Тоқтабаев, Көші-қон қызметі басқармасының бөлім басшысы:

- Сол мекенжайларда тіркелген 4000-нан астам адам тіркеуден шығарылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Біз «резеңке пәтерлермен» күрес жұмыстарын күнделікті жүргіземіз. Қабылданған осы шаралар аталған мәселелердің алдын алуға ықпал етеді деген сенімдеміз.

Айта кетерлік жайт, тіркеудің нормативін бекіту 2010 жылы ұсынылған еді. Алайда аяқсыз қалған болатын. Ал осы жылы заңнамаға енгізілген өзгерістерден кейін Алматы қаласының мәслихаты тіркеу нормативін белгілеу құқығына ие болды. Жаңа ереже бүгіннен бастап қолданылады.

Авторлары: Ернұр Рысбай, Кенже Амраев

Сондай-ақ оқыңыз: