«Орталық Азия + Италия» бизнес форумы өтті
Елордада «Орталық Азия + Италия» бизнес форумы өтті. Жиын аясында B5+ITALY платформасы ресми түрде іске қосылды.
Алаңда Қазақстанның Италияға шикізаттық емес экспортын ұлғайту, бірлескен өндірістер ашу, өңірлік сауда-логистикалық хабтарды дамыту және тікелей көлік қатынасын кеңейту бағыттары талқыға түсті. Кеңеске Қазақстанмен қатар Италия, Қырғызстан, Түрікменстан және Өзбекстанның өкілдері қатысты. Италия – Қазақстанның экономикалық серіктестерінің бірі. Екі ел арасындағы тауар айналымы 16,9 млрд АҚШ долларын құрады. Оның шамамен 15,6 млрд доллары Қазақстанның экспортына тиесілі. Сонымен қатар Шымкент қаласының базасында сауда-өнеркәсіптік хаб құру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл хаб арқылы италия және қазақстандық тауарларды елдің басқа өңірлеріне тарату жоспарда тұр.
Айдын Кәрімов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары:
- Біздің әлеуетіміз – текстиль, тамақ және жеңіл өнеркәсібі, сондай-ақ басқа да тауарлар өндірісі Шымкент қаласында кеңінен дамыған. Сондай-ақ осы өнімдерді Италия нарығына жеткізу мәселесі де қаралды, бұған италиялық тарап та қызығушылық танытып отыр. Бұдан бөлек, Шымкент қаласын хаб ретінде қолдана отырып, италиялық ауыл шаруашылығы тауарларын Қазақстанның басқа өңірлеріне тарату мәселесі де талқыланды