Елде «Дала дәмі» жәрмеңкелері өтеді
Бүгіннен бастап әр демалыс сайын еліміздің барлық өңірінде «Дала дәмі» ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізіледі. Алғашқы демалыс күндері, 2 мың тоннадан астам отандық ауыл шаруашылығы өнімі саудаға шығарылады.
Жәрмеңкелерде көкөніс пен жеміс-жидек, ет және сүт өнімдері, дәнді дақылдар және басқа да маусымдық тауарлар тікелей делдалсыз сатылады. Ал шаруалар мен өндірушілерге сауда орындары тегін беріледі. Ондағы мақсат – халыққа маусымдық тауарларды қолжетімді бағада ұсыну.
Ернұр Жәутікбаев, ҚР Сауда және интеграция министрлігі сауда комитетінің төрағасы:
- Астанада «Дала дәмі» жобасы еліміздің өңірлерінен келген фермерлердің өнімдерін таныстыратын негізгі алаңдардың біріне айналады. Елордада әр апта сайын әртүрлі облыстардың фермерлері мен өндірушілері өз өнімдерін ұсынады. Астана мен Алматы қалаларында жәрмеңкелер сенбі және жексенбі күндері екі күн бойы өтеді. Қалған өңірлерде жәрмеңкелер сенбі күндері ұйымдастырылады.