Астанада қазақы тазылардың көрмесі өтті

Елордада қазақы тазылардың көрме-байқауы өтті.

Мақсат - монотұқымды иттерді кәсіби аудиторияға таныту. Шара аясында кинологтар мен сарапшылар қазақ тазысының төл қасиеттерін бағалап, халықаралық үлгідегі куәліктерін табыстайды. Қазақстан кинологтар одағында 4 мыңнан астам қазақ тазысы тіркелген. Сарапшылар нақты популяция 7 мыңға жетуі мүмкін екенін айтады.

Дидар Қайратов 8 жылдан бері тазы ұстайды. Қолындағы 5 тазының үшеуінде ресми құжат бар. Енді екеуін баптап, көрмеге әкелді.  Мамандардың сынынан өтіп, тазыларының тұқымы таза екенін дәлелдеуге ниетті.

Дидар Қайратов, тазы асыраушы:

- Осылардың тұқымын қазақы тазыға келтірдік. Қанын тазалап жатырмыз. Өзімде 5 тазым бар. Біреуін алдында әкеп көрсеткем қатыстырып, үшінші орын алды. Ақырын-ақырын тұқым алып, сол 8 жыл жұмыс істеп жатырмыз. Енді құжаттандырмасақ, ертеңгі келешек ұрпаққа қалмай қалады да.

Көрме барысында қазақы тазылар арнайы сараптамалық бағалаудан өтеді. Мамандар олардың тұқым стандартына сәйкестігін жан-жақты бағалап, үздіктерін анықтайды. Бұл алаң арқылы қазақы тазыларды шетелдік сарапшылар, кинологтар, селекционерлер және қызығушылық танытқан қалың көпшілік кеңінен тануға мүмкіндік алады.

Бауыржан Серікқали, Қазақстан кинологтар одағының президенті:

- Біздің мәдениетіміз ғой. Былай айтқанда көшпенділердің тұрмысы, тарихы сол итке қарағанда еске түседі. Соны біз, мысалы, арнайы халықаралық деңгейде тазының стандартына, тазы деген жеті қазынаға кіреді деген сөз қостық. Мемлекет басшысы оған қатты көңіл бөледі. Мысалы Жетісу облысында тиісті ұлттық орталық салынып жатыр.

Ұлттық болмысымыз үшін тазының орны ерек. Биыл елде Қазақ тазысы күні алғаш рет аталып өтті. Ұзақ мерзімді кешенді жоспар да бекітілді. Мемлекет басшысы тазы тұқымын сақтап, көбейтуге және оны халықаралық деңгейде насихаттауға айрықша мән береді. Қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту туралы заң қолданысқа енді. Қазақы ит тұқымдары ұлттық орталығының құрылысы жүріп жатыр. Алда тазының генетикалық қорын, табиғи қасиеттерін сақтап, ұлттық тұқымды келесі ұрпаққа жеткізу міндеті тұр.

Рухани Әбдірахман

Сондай-ақ оқыңыз: