Алматыда мопед жүргізушілеріне бақылау күшейді

Алматыда мотоцикл мен мопедтердің қозғалысын тексеру мақсатында рейд өтті. 

Жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 10 мобильді топ жұмылдырылып, нәтижесінде 500-ден аса жол ережесін бұзу дерегі анықталды. Әкімшілік құқық бұзғандардың барлығына хаттама толтырылып, тиісті шара қолданылды. 

Соңғы уақытта қос дөңгелекті көлік тізгіндейтіндердің саны көбейген. Осыған байланысты Алматы полицейлері түнгі рейдтерді жиі өткізе бастады. Тексеру барысында жол қозғалысына  қауіп төндіретін әрекеттерге назар аударылды. Рейд барысында 13 мопед пен 5 мотоцикл айыппұл тұрағына қойылды. Бұдан бөлек, қала көшелерінен кикшеринг компанияларына тиесілі 58 электросамокат алынды.

Данияр Сүлейменов, қалалық ПД мамандандырылған батальон инспекторы:

- Шара барысында мотоцикл жүргізушілерінің құжаттарын, көлік құралдарының техникалық жағдайын, мемлекеттік тіркеу нөмірлері және қорғаныс дулығасын пайдалану талаптары тексерілуде.

Автокөлік жүргізушілер де тәртіп сақшыларының назарында. Рейд барысында  жиырмаға жуық жүргізушінің көлік рөліне мас күйінде отырғаны анықталды. Ал 46 жүргізуші маневр жасау қағидаларын бұзғаны үшін жауапқа тартылды.

Әбдінұр Тасыбаев, қалалық ПД басқарма басшысы:

- Негізгі мақсатымыз – қоғамдық тыныштықты бұзатын көлік құралдарын белгіленген талаптарға сай пайдаланбайтын жүргізушілерді анықтап, заңды талаптарын сақталуын қамтамасыз ету. Полиция үшін тұрғындардың тыныштығы да маңызды.   

Тексеріс кезінде ереже бұзған мотоцикл жүргізушілерінің бірі полицейлердің назарына ілікті. Оның құжаттары тексеріліп, жол қозғалысы талаптарын бұзғаны анықталды. Жүргізушіге хаттама толтырылып тиісті айыппұл салынды.

 

Сергей Зайцев, қала тұрғыны:

- Ереже бұздым, бұрылыс шамдарын қоспадым. Аздап шаршап тұрғандықтан ұмытып кеттім. Бұдан былай міндетті түрде қосатын боламын. Барлық жүргізушілерге ережені сақтауға, жылдамдықты асырмауға кеңес беремін. Ешқандай келеңсіз жағдай болмас үшін жолдағы қауіпсіздікке мұқият болған дұрыс. Айыппұлмен келісемін, кінә өзімнен. 

Алматы көшелері тәртіп сақшыларының жіті бақылауында. Олардың айтуынша бақылау тек мотоцикл жүргізушілеріне ғана емес жол қозғалысына қауіп төндіретін барлық жүргізушілерге қатысты.   рейд жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. 

Авторлары: Бекзат Үшкемпір, Валентин Лобанов

 

Сондай-ақ оқыңыз: