«Ауыл аманаты» ауылды алға сүйрейді

Ақтөбе облысында ауыл тұрғындарының кәсібін дамытуға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы өз нәтижесін беріп жатыр. Биыл өңірде жобаны жүзеге асыруға 4 млрд теңге бөлінді.

Қазір ауыл тұрғындарының 250 бизнес жобасы мақұлданып, қаржылай қолдауға ие болды. Мемлекеттік бағдарлама аясында елді мекендерде мал және көкөніс шаруашылығы дамып, жаңа наубайханалар мен оқу орталықтары ашылды.

Мәртөк ауданы, Қаратоғай ауылының тұрғыны Роза Мәмбетова «Ауыл аманаты» бағдарламасына екінші рет қатысып отыр. Төмен пайызбен берілетін несиенің арқасында құс шаруашылығын өркендеткен. Үйрек пен қазын базарларға апарып сатады. Қазір тұрақты тұтынушысы көп. Енді биыл құс санын көбейтуді жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде ауласында мыңға жуық құс бар.

Роза Мәмбетова, Қаратоғай ауылының тұрғыны:

- Алғашқы несиені 2023 жылы алып, оны толық өтедім. Биыл осы бағдарлама арқылы тағы 3 млн 240 мың теңге алдым. 2 жарым пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда тиімді. Бірінші қазаннан бастап үйректерді, ал желтоқсан айында қаздарды сатамын. Өнімді Ақтөбе мен Мәртөк тұрғындары алады.

Мәртөк ауданында биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысу үшін 35 өтінім түскен. Оның 24-і мақұлданды. Ауыл тұрғындарының бизнес-жобаларын қаржыландыруға 261 млн теңге бөлінген. Соның арқасында үш ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Қазір қаражаты беріліп, жұмыстар басталған. Соның бірі Қаратоғай ауылдық округінде жүзеге асады.

Орақбай Нұрбердиев, Мәртөк аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

- Құс шаруашылығына, мал шаруашылығына, қайта өңдеуге берілді. Қазір соңғы уақытта мына ӘКК ауыл шаруашылығы кооперативтеріне де беріп жатыр. Биылғы жылы осы аудан бойынша 3 кооператив ашылды. Қазіргі таңда несилерін алып, жұмыстарын бастап кетті.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында тұрғындар ауыл шаруашылығымен қатар, шалғай елді мекендерде кондитерлік цехтар, оқу орталықтары және техникалық қызмет көрсету орындарын ашып жатыр.

Барақ Мыңбаев, «Ақтөбе» ӘКК» АҚ несиелендіру маманы:

- 2026 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 4 млрд теңге бөлінді. Соның ішінде 2,6 млрд теңге мақұлданды, берілді. Көбінесе мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, шаштараз, кондитерлік цех және етті қайта өңдеу жобалары ашылады.

Өңірде соңғы үш айда «Ауыл аманаты» бағдарламасына Шалқар, Алға және Байғанин аудандарының тұрғындары белсенді қатысқан.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Наталья Салькова, Болат Молдағалиев

Сондай-ақ оқыңыз: