Таразда кәріз суын тазартатын кешен салынады
Таразда кәріз суларын тазартатын кешен салынады.
Құны 48 миллиард теңгеге жуықтайтын жобаның құрылысы келер жылы басталады. Заманауи кешеннен тазарып шыққан суды егістікте және өндірісте кәдеге жаратуға болады.
Тараз ел бойынша кәріз суларын тазартатын кешені жоқ жалғыз қала. Шаһардан шыққан сарқынды су сүзгі алаңдарына құйылып, жерге сіңдіру әдісімен тазартылады. Бірақ оның зиянын айналасында орналасқан төрт ауылдың тұрғындары көріп отыр.
Нұрсұлтан Оспанов, Қостөбе ауылының тұрғыны:
- Кесірі біраз жерге тиіп жатыр. Иісі бар, басқасы бар. Шығып жатқан судың өзі, бұлақ судың өзі бізде нашар болып шығады. Кәдімгі бұлақ судың өзінің иісі бар.
Райхан Сәрсенбекова, Қостөбе ауылының тұрғыны:
- Мына отстойник болғаннан кейін барлық химикат жаман заттардың барлығы осы жаққа тасталынады ғой. Кейбір кезде түнгі сағат 1-2 лерде ащы бір иіс келеді. Тамақты ашытады. Өзіміздің жөтеліміз бар. Одан бетер бронхысы, астмасы барларға да қиын.
Мерей Бает, тілші:
- Біз қазір кәріз жүйесінің сүзгі алаңдарында жүрміз. Мұнда ең алғаш 1962 жылы 30 бассейн салынған. Кейін қала ауқымының кеңеюіне байланысты сүзгі алаңдары қосыла берді. Қазір нысанның жалпы аумағы 217 гектарға жетіп отыр.
Сүзгі алаңдары тәулігіне 43 мың текше метр сарқынды суды қабылдауға қауқарлы. Қазір 60 мың текше метр кәріз суы төгіліп жатыр. Жүктемені азайу үшін 2018 және 2022 жылы 20 сүзгі алаңы салынған. Бірақ бұның бәрі мәселені шеше алмады. Аумақта осы күні 30 млн текше метр сарқынды су жатыр.
Дархан Құлтасов, "Жамбыл-Су" мекемесінің бас инженері:
- Сүзгі алаңдарының жүктемеден тыс сулар түсуіне байланысты Аса өзеніне құйылу қаупі жоғары болып тұр. Жерасты су деңгейі төмендігіне байланысты Жамбыл ауданы бойынша 4 ауыл Қостөбе, Бірлесу Еңбек, 27-разьезд ауылдарының жерасты сулары ластану қаупі жоғары деңгейде.
Александр Плехов, эколог:
- Қазіргі сүзгі алаңдарында ағынды су толық тазартылмайды. Соның салдарынан ластаушы заттар жердің төменгі қабаттарына өтіп, жерасты суымен араласады. Бұл өте зиян. Ал жаңа тазарту нысаны салынса, бұл мәселені шешуге мүмкіндік береді.
Мәселе алдағы екі жылда шешілмек. Ол үшін қала билігі 748 млн теңге бөліп, жобалық сметалық құжат әзірлеген. Енді мемлекеттік сараптамадан өтсе, келер жылы үш сатылы тазарту кешенінің құрылысы басталады.
Бақытжан Орынбеков, қала әкімі:
- Жобалап отырған кешен қазір заманауи кешен. Классикалық технология. 3 сатыдан тұрады. Бірінші саты - ол техникалық тазалау. Екіншісі биологиялық тазалау. Үшіншісі ультрафиолеттік тазалау. Бұл енді классикалық бүкіл дүние жүзінде пайдаланып жатқан технология. Біз сол технологияны негізге алып отырмыз. Одан шыққан суды біз жобаға сәйкес өндірістер сол суды пайдалана алады. Ол толық олардың санитарлық талаптарына сай келеді. Екіншіден ол суды ауыл шаруашылығына да пайдалануға болады.
Алдын ала есеп бойынша кешенді салуға 47,6 млрд теңге жұмсалмақ. Алғашқы кезеңде нысан 80 мың текше метр сарқынды суды тазартса, кейін көлемі 120 мың текше метрге дейін ұлғайтылады.
Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә