Павлодар облысында 400-ге жуық отбасына тегін улы газ датчиктері орнатылды
Павлодар облысында жылыту маусымына дайындық аясында өрт қауіпсіздігі айлығы басталды. Алдын алу шараларында жекеменшік тұрғын үйлерге ерекше көңіл бөлініп жатыр.
Әсіресе әлеуметтік жағдайы төмен 400-ге жуық отбасының үйлеріне улы газды анықтайтын дабыл құрылғылары орнатылды. Мамандардың айтуынша, төтенше жағдай кезінде дабыл тұрғындарға дер кезінде ескерту жасап, қауіпті азайтуға мүмкіндік береді.
Бір айға жоспарланған бұл жұмыстар тек ақпараттық-түсіндіру шараларымен шектелмейді. Мамандар тұрғындардың үйлеріндегі өрт қауіпсіздігі жағдайын тексеріп, анықталған кемшіліктерді жояды.
Александр Галинский, Павлодар қаласының тұрғыны:
- Біз оны ертерек орнатқымыз келген, бірақ жағдайымыз болмады. Мамандар келіп, дабыл құрылғыларын тегін орнатып береміз деді. Мен келісім бердім. Бұл – тек біздің ғана емес, көрші орналасқан тұрғындардың да қауіпсіздігі.
Өрттің шығуына пештегі ақаулармен қатар жылыту құралдарын дұрыс пайдаланбау да себеп болады. Сондықтан тұрғындарға жылыту маусымы басталар алдында пештер мен түтін мұржаларының жарамдылығын тексеріп, ақау анықталған жағдайда оны дер кезінде жөндеуге кеңес беріледі. Жылыту құралдарын дұрыс пайдаланудың да маңызы зор.
Оразбек Уәлиханов, ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы:
- Облыс аумағында тұрғын үй секторында 82 өрт тіркелді. Өкінішке қарай, өрт салдарынан 10 адам қаза тауып, тағы 6 адам әртүрлі жарақат алды. Бүгінгі жүргізіліп жатқан іс-шараның мақсаты – әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтардың үйлеріне улы газ датчиктерін орнату және мұржаларын тазалау жұмыстарын жүргізу.
Өңірде әлеуметтік осал топқа жататын мыңнан астам отбасы тіркелген. Бүгінде жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен 396 үйге улы газды анықтайтын дабыл құрылғысы орнатылды. Профилактикалық жұмыстарға департаменттің барлық жеке құрамы жұмылдырылған. Қызметтен бос уақытта шамамен 80 қызметкер тұрғын үйлерді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Бұл шараларға полиция экипаждары, еріктілер және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері де тартылған.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков