Елде зейнетақы 8,5%-ға артады

2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап елде зейнетақы мөлшері өседі. Жыл сайын ең төменгі күнкөріс деңгейінің артуына байланысты базалық зейнетақы мөлшері де артады.

Құзырлы министрліктің хабарлауынша, азаматтардың жасына және еңбек сіңірген жылдарына орай  берілетін зейнетақы төлемдерін 8 жарым пайызға арттыру жоспарланып отыр. Өсім бірыңғай тәртіппен жүзеге асырылып, барлық зейнеткерге қатысты болады.

4 трлн 890 млрд теңге. Бұл – биылғы зейнетақы төлемдері үшін қарастырылған қаражат. Алдағы жылда бұл сома артады. Құрылтай бюджет жобасын қарап жатыр. Онда 2027 жылға арналған зейнетақы төлемдеріне жұмсалатын шығындар бекітіледі. Мемлекет 2 жарым млн-нан астам зейнеткерді зейнетақымен қамтып отыр. Қаңтарда елдегі ең төменгі күнкөріс деңгейі ұлғаяды. Бұл – маңызды индикатор. Сәйкесінше, зейнетақы, жәрдемақы секілді басқа да әлеуметтік төлемдердің мөлшері ұлғаяды.

Жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары үшін берілетін зейнетақы төлемдері 8,5%-ға артады. Жоспарланған межеге сай, жиынтық зейнетақының ең төменгі мөлшері – 113 541 теңге, ең жоғарғысы – 259 795 теңге болады.  Сонымен қатар базалық зейнетақының ең аз мөлшерін күнкөріс деңгейінің 70%-на жеткізу көзделеді.

Бейнеттің зейнетін көрер шақта тұрақтылық маңызды. Мемлекет басшысы зейнетақы жүйесін жетілдіру, оның ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ету және азаматтардың жинақтарын басқару еркіндігін кеңейту бағытында тапсырмалар жүктеді.

Әлібек Тоқтауов,  ҚР ЕХӘҚМ зейнетақымен қамсыздандыру басқармасының бас сарапшысы:

- Базалық зейнетақыны кезең-кезеңімен арттыру жалғасуда. 2026 жылғы  1 қыркүйектегі жағдай бойынша зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруға 3,2 трлн теңге бағытталды. Егер азамат жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысып, БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары болса, осы төлемдерге БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемін алады. Бұл ретте БЖЗҚ-дан төленетін сома әр азамат үшін жеке есептелетінін атап өткен жөн.

Қазақстандықтар 28 трлн 350 млрд теңге зейнетақы жарнасын жинады. Енді жинақ сомасын басқару мүмкіндігі кеңейді. Тұрғындар зейнетақы жинақтарын толықтай сенімгерлік басқаруға бере алады. Бұрын салымшылар жинақтың 50 пайызын ғана жеке инвестициялық компанияларға өткізе алатын еді. Бүгінге дейін сенімгерлікке беру мүмкіндігін 137 мыңға жуық салымшы пайдаланып үлгерген.

Сара Сәрсен, кәсіби HR қауымдастығының құрылтайшысы, сарапшы:

- Әлеуметтік кодексіміздің 251-бабына сәйкес енді біздің зейнетақы қорымызды БЖЗҚ-дан шығарып сенімді компанияларға тапсыруға болады. 100 пайызын толығымен тапсырсақ, алдағы кезеңде оның көбеюін де көруге болады. Үлкейгенде, зейнетке шыққан кезде өзіне жақсы өмір сыйлаймын деген азаматтарға арналған бағдарлама ғой. Қысқа мерзімде пайда көру мақсатында емес, ұзақ мерзімге пайдаланатын программа деп есептелуі тиіс деп ойлаймын.

Үлкенін сыйлап, батамен өскен елміз. Зейнетке шыққанды «құрметті демалыс» деп атауымыз да содан. Айтпақшы, елімізде әйелдердің зейнеткерлік жасын ұлғайту шарасы 2028 жылға дейін уақытша тоқтатылды. Қолданыстағы заңға сай Қазақстанда ерлер 63, әйелдер 61 жаста зейнетке шығады. Ал зейнетке ерте шығу құқығын биыл 5707 адам пайдаланған.

Авторлары: Рухани Әбдірахман, Медет Қуанышбеков

Сондай-ақ оқыңыз: