Астана ақылы автотұрақтар көбейеді

Астанада автотұрақ көбейеді. Қазір 10 мыңнан аса көлікке орын бар. Яғни 533 ақылы автотұрақ жұмыс істеп тұр. Енді тағы мыңнана аса көлікке орын табылуға тиіс. 

Сосын бұрынғыдай жөн-жосықсыз айыппұл төлемейсіз. Баға да әзірге өзгермейді. Астананың автотұрақтары жекенің қолынан әкімдіктің балансына өткелі біраз мәселе шешімін тауып келеді. Ең бастысы6 автотұрақ көбейсе көлік қоятын жер іздеп сандалмайсыз.

Нұрқанат Қанапия, тілші:

- Астанадағы автотұрақтар жекенің қолынан әкімдік балансына берілгені белгілі. Енді тұрғындарды мазалап жүрген бір сұрақ – төлемақы сомасы өзгере ме? Бұған қатысты басқарушы мекеме түсініктеме берді. Төлемақы сомасы өзгермейді. Яғни жүргізушілер бұрынғыдай сағатына жүз теңгеден төлейді. 

- Дегенмен келешекте тұрақ ақысы көтерілуі де мүмкін. Яғни орталықта тариф қымбаттау болса, қаланың шеткі аудандарына қарай арзандай береді. Төлемді бірнеше банк арқылы жіберуге болады. Ал ақы төлеуді ұмытып кеткендерге алдымен смс-хат жолданады. 

Руслан Әбдуәлиев, Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығы директорының орынбасары:

- Егер де жүргізуші белгілі себептермен тұрақ ақысын төлей алмай кетсе, әуелі ескертпе жіберіледі. Одан кейін 23:59-ға дейін сол төлем өтуі тиіс. Төлемді төлемеген жағдайда ақпарат әкімшілік полицияға жіберіледі. 

Иә, ескертуді елемегендер айыппұл төлейді. Оның сомасы бір айлық есептік көрсеткіш көлемінде бекітілген. Ал кейбір әлеуметтік топтарға жеңілдік қарастырылған. Бір қуанары, бұған дейін жекенің қалтасына түскен ақша енді мемлекет қазанына құйылады. Осы орайда тұрғындардың бірі автотұрақ қызметінің ақылы болғанын құптаса, бірқатары қызмет сапасын жақсартуға қатысты ұсыныс та білдірді.

- Әрбір жерге көлік қойғанша, бір жерге ақылыға кіресіз де уақытымен төлеп алып шығасыз. Ол да бір жағынан дұрыс.

- Көлігін қойған кезде бірінші сағатына 100 теңге төлесін деген ұсыныс бар. Ал әрі қарай сағат 8-ге дейін тегін тұрсын. Одан кейін 8 сағаттан асып кетсе, ол тиісінше ақшасын төлеуі керек. 

- Мынадай ақылы қылып істеп қойған. Мысалы, мынаған сыймайды. Мен кәзір міне бизнес-центрге келіп тұрмын. Аноу жаяу барамын қазір. Сол сияқты мәселе ғой. Ақылы болуы үшін ыңғайлы болуы керек. 

Әрине, басқарушы мекеме автотұрақтарды жайлы етуге күш салмақ. Яғни қазынаға түскен қаржы тұрақтарды қажетті құрылғылармен жабдықтауға және оларды кеңейтуге жұмсалады. 

Руслан Әбдуәлиев, Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығы директорының орынбасары:

- Қазір бізбен Астана қаласы бойынша жол-көлік желісінде талдаулар мен мониторингтар жүргізіліп жатыр. Ол талдаулар мен мониторингтің жүргізілуі мынау тұрақ кеңістігін ұлғайту негізінде жасалып жатыр. Негізі осы тұрақ кеңістігін мыңнан астам орынға кеңейтеміз деген жоспарда бар. 

Қазір елордада 533 ақылы автотұрақ бар. Ол орындарға 10 мыңнан астам көлік сыяды.

Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Асхат Қарақойшиев, Санжар Біргебаев

Сондай-ақ оқыңыз: