Қой еті Дубайға тікелей жеткізіледі
Елдегі шаруалар қой етін Дубайға тікелей сата алады. Арабтар қазақы еділбай қойын, сонымен бірге меринос, гиссар тұқымдарын да сөреден талап әкетіп жатыр.
Екі елдің арасында тікелей жеткізу қызметі іске қосылды. Арада қаптаған бейсауат делдал жоқ. Жайылымнан сөреге дейінгі бар шаруаны бір ғана мекеме атқарады. Тақауда ғана жүзеге аса бастаған бұл іс баға жағынан да тиімді.
Рауан Мыңбай, тілші:
- Қазақстаннан келген қой еті Дубай нарығында қазір келісіне 45 дирхамнан сатылып жатыр. Бұл – премиум баға. Біздіңше 5500 теңге. Шаруаның жайылымнан сөреге дейінгі барлық шығынын өтеуге жетіп тұр. Аптасына бірнеше рет Алматыдан карго рейстерімен жеткізіледі. Соның арқасында бәсекеге қабілеттілік бар. Ал біздің өнімге бұл жақта сұраныс жоғары. Австралиялық қойдан еш кем түспейді. Бастысы – жаңа сойылған мал еті бүтіндей әрі салқындатылған күйде тасымалдануы шарт.
Роберто Николас, жергілікті мейрамхананың бас аспазы:
- Қазақстандық қой етін алуды бір ай бұрын бастадық. Содан бері басқа жерге ауысқан емеспіз. Бүтіндей оншақтысына бірден тапсырыс береміз. Келушілер осы балғын етті сұрап, арнайы келіп жатады. Туристік маусым басталды, сол себепті сұраныс ұлғая береді деп ойлаймын.
Бастаманың өзегі қазақстандық өнімді әмірлікке делдалсыз жеткізуде болып отыр. Бұған дейін елдегі қой етін негізінен трейдерлік компаниялар көтерме бағада сатып алатын. Фермерлерге айтарлықтай пайда түспейтін. Қазір жан-жақты интеграцияланған жүйе қалыптасты. Тақауда ғана Дубайда қазақ сауда үйі ашылып, қойма, цех, тапсырысты қабылдау және жеткізу толық қуатта іске қосылды. Қазір Қазқстаннан келген қой етінің жергілікті нарықта танымал екенін бірнеше жайт аңғартып тұр.
Хасан Малик, мейрамхана менеджері:
- Қазақ мейрамханасы болғандықтан ұлттық тағамдарды көп әзірлейміз. Соған сай өнімдеріміздің Қазақстаннан болғаны маңызды. Тапсырыс уақытында орындалады. Еш сөз жоқ. Осындай қызметтің іске қосылғаны қуантады.
Сауда үйі өкілдерінің айтуынша, қой шаруашылығына келгенде Қазақстанның мүмкіндігі орасан. Жайылым көп. Шөбі шүйгін өлкелерде көп қой өсіріп, төл басын көбейтсек, тек әмірлік емес, Саудия нарығын да отандық өніммен қамтуға болады. Ал арабтар құрғақ әрі ыстық климатта қой етінен басқаны тұтынбайды. Биыл жарты жылдың өзінде әмірлікке
Қазақстаннан бұл өнімнің 143 мың тоннасы экспортталды.
Авторы: Рауан Мыңбай