Қазақстанда техникалық байқау орталықтарына талап күшейді
Қазақстанда техникалық байқау орталықтары мен жолаушылар тасымалына талап күшейтілді. Бұл туралы Үкімет отырысында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді, деп хабарлайды 24KZ.
Енді техникалық байқау орталықтары жұмысын бастау үшін арнайы рұқсат алуы тиіс. Талаптарды бұзғандарға салынатын айыппұл 30-дан 100 АЕК-ке дейін көбейді. Ал көлікті тексермей, техникалық байқаудан өтті деп құжат рәсімдеген орталықтардың жұмысы үш жылға дейін тоқтатылуы мүмкін.
Сонымен қатар жолаушылар тасымалы саласында да бақылау күшейтіліп жатыр. Министрдің айтуынша, Ішкі істер министрлігімен, сондай-ақ Yandex және inDrive компанияларымен бірлескен жұмыстың нәтижесінде рөлі оң жақта орналасқан 70 мыңға жуық көлік тасымал қызметінен шығарылған.
Қауіпсіздікті одан әрі күшейту үшін рөлі оң жақтан сол жаққа ауыстырылған көліктерді такси ретінде пайдалануға тыйым салу және жолаушылар тасымалына жауапты агрегаторлардың жауапкершілігін арттыру жоспарланып отыр.