Алматының тау кластері туристік брендке айналады

Алматының тау кластері туризм брендіне айналады.

Қазір демалушылардың жылдың төрт мезгілінде тауда тынығуы үшін түрлі жобалар әзірленіп жатыр. Соның бірі Almaty Tau Academy және Almaty 500K бағдарламасы. Бұл жоба бұқаралық спортты дамытуды көздейді. Балалар мен жастарды қысқы спорт түрімен барынша айналысуға жағдай жасайды.

Almaty 500K. Бұл 500 мың адам тауға шығады дегенді білдіреді. Яғни тау кластерінің игілігін қысы-жазы көреді. Күн сайын таудан адам үзілмеуі керек. Тауға қызықтыруды, қысқы спорт түріне баулуды ең алдымен балалардан бастаған жөн. Қазір арнайы бағдарлама әзірленіп жатыр. Оған мектептер тартылады. Оқушылар шаңғы, сноубордпен сырғанауды тегін үйренеді.

Жан-Пьер Барало, "Almaty Tau Management" ЖШС басқарма төрағасы: 

- Балалар қар басқан тауға алғаш шыққанда шаңғының қыр-сырын түсіндіретін сабақтар болады. Осылай салауатты өмір салтына, спортқа тартамыз. Кластер құрамына жұмыс істеп тұрған Шымбұлақ тау шаңғысы курорты кіреді. Бірінші кезеңде жаңа курорттар да пайда болады. Бұл Кімасар мен Бұтақты. Сонымен қатар біз Almaty SuperSki-мен бірге жұмыс істейміз. 

Болашақта ашылатын тау курорттарында қауіпсіздікке баса мән беріледі. Әнине оған қар көшкінінен қорғау мен  шаңғы жолын дұрыс жобалап, салынуы кіреді. Құтқару қызметі, эвакуация сияқты жұмыстар да жобада бар. Осы мақсатта халықаралық стандарттарға сәйкес тау кластеріне мамандар даярланады. Олардың біліктілігін арттырумен Almaty Tau Academy айналысады.

Жан-Пьер Барало, "Almaty Tau Management" ЖШС басқарма төрағасы: 

- Халықаралық деңгейдегі мамандар Қазақстанға келіп, қызметкерлерді оқытады. Оған қоса шаңғы нұсқаушыларын даярлаймыз. Олар балаларға шаңғы тебуді үйретеді. Әрине демалу үшін барлық жағдай жасалады. Жабдықтарды жалға беру қызметі,  жаңа үлгідегі арқанжолдар мен көтергіштер болады. Мұның бәрі әр адамға қолжетімді яғни, мүмкіндігі шектеулі адамдар мен баламен жүрген ата-аналарға ыңғайлы ету жағы қарастырылады. 

Иә, туризм баршаға қолжетімді болған кезде ғана пайда әкеледі. Мұны сарапшылар да қостайды. Қазақстандық танымал альпинист Мақсұт Жұмаев тауға отбасы болып шыққанды дәстүрге айналдыру керек,-деп санайды.

Мақсұт Жұмаев, альпинист:

- Менің ойымша, ата-анасының, атасы мен апасының тауға барып жүргенін көрген бала міндетті түрде соны қайталайды. Мен өзім жүрген жерімде альпинизм мен құзға өрмелеу спортын насихаттап жүрем. Оқу орындарына барып таудағы қауіпсіздік шаралары туралы дәріс оқимын. Мен өзім  осы спорт түріне туризм арқылы келдім. Таудағы белсенді демалыс, ең алдымен, жақсы жобаланған инфрақұрылым дер едім. Егер ол жақсы болса туристер де көп болады.

Кәсіби спорт бұқаралық шараларға қатысудан басталады. Дұрыс жобаланған инфрақұрылым, тәжірибелі жаттықтырушы, тұрақты жаттығу жетістікке жетелейді. Жоба аясында  жаттығу базасы құрылады. Ол жерден кәсіби спортшылар өсіп шығады.

Қарлығаш Қайыпбекова, Валентин Лобанов

Сондай-ақ оқыңыз: