ШҚО-да 45 шақырым жылу желісі жаңартылып жатыр

Шығыс Қазақстанда жылыту маусымына дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр.

Биыл өңірде 45 шақырымға жуық жылу желісі жаңғыртылуда. Жылу электр орталықтары да қысқы кезеңге сақадай-сай. Көмір қоры толықтырылып, соңғы дайындық жұмыстары пысықталуда. Жаз бойы жүргізілген жаңғырту жұмыстары жылу жүйелерінің тұрақтылығын арттыруға қаншалықты әсер етті?

Алтай ауданы үскірік аязы мен қақаған қысымен танымал. Өткен жылы Парыгино ауылында сынап бағанасы 53 градусқа дейін төмендеген. Сондықтан мұнда жылу қазандықтарын қысқы маусымға дайындауға ерекше мән беріледі. Алтай қаласындағы жылу қазандығының бас инженері Игорь Михайленко бұл жердегі әр жабдықтың жай-күйін бес саусағындай біледі. Оның айтуынша, қазандықтағы жабдықтардың тозу деңгейі бүгінде 80 пайызға жеткен. Соған қарамастан жыл сайын жүргізілетін жаңғырту жұмыстары мен техникалық дайындықтың арқасында жылу беру маусымы әзірге кедергісіз өтіп келеді.

Игорь Михайленко, Алтай қаласы "Тепловодоцентраль" кәсіпорнының бас инженері:

- Жөндеу кезеңі ішінде номер 1, 2, 3-жылу қазандары жөнделді. Ал екі қазандықтың кем-кетігін қарап, жаңаладық. Осылайша бізде қазір барлығы дайын деуге болады.

Қазандықтың жұмысын бастау үшін әзірге 80 тонна мазут дайын тұр, дейді мамандар. Қалғанын жеткізетін оператор анықталуда.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Жылыту маусымы кезінде бұл  жылу орталығында кем дегенде 7 мың 120 тонна көмір қоры, яғни жоқ дегенде 20 күнге жететін отын болуы тиіс. Бұл нормативті талап. Ал қазір мұнда 24 мың тонна көмір жатыр. Алдағы уақытта әлі көмір кезең кезеңмен жеткізіледі.  Яғни орталық өкілдері қысқы маусымда отыннан тапшылық болмайды деп сендіріп отыр.

Жалпы бұл аудандағы  үш қазандықты жөндеу үшін биыл 723 миллион теңге бөлінді. Мұндағы Серебрянск қаласында жылу желісінің 80 проценті тозып тұр. Қазір оның 1,5 шақырымнан астамы жаңғыртылуда. Желі бойын жаңарту жұмыстары облыс бойынша да өзекті сұрақ, дейді сала басшылары.

Досжан Сейіткамалов, ШҚО энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы:

- Облыс бойынша 44,7 км жылу желілерін жөндеу жүріп жатыр. Қазіргі уақытта 42,5 желіде жұмыстар аяқталды, бұл 95 процентті құрайды.Осы айдың соңына дейін қалған 2,2 км желіде жұмыстар аяқталады.

Риддерде жаз бойы 12 жылу учаскесі жаңартылды. Қазандықтар мен жабдықтар да жаңғыртылды. Сонымен қазір облыстағы 3 жылу электр орталығының дайындығы 95%, ал орталықтандырылған қазандықтардың әзірлігі 97%-і көрсетіп тұр.

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов

Сондай-ақ оқыңыз: