«Samruk-Kazyna Trust» қоры әлеуметтік жобалар аясын кеңейтті

Қазақ мұнайының қарашаңырағы — Доссор кентінде еліміздегі ерекше мәдени мекеме жұмыс істейді. «Қара алтын» орталығы музей мен кітапхананы біріктіретін зәулім ғимараттың құрылысына «Самұрық-Қазына Траст» қоры қаржы бөліп, биыл сәуірде ашты. Бүгінде нысан отандық және шетелдік туристерді тартатын орынға айналған, деп хабарлайды 24KZ.

Доссор кентіндегі өлкетану музейі бұған дейін 78-ші жылғы апаттық ғимаратта орналасқан. Халықтың сұрауымен «Самұрық-Қазына» қорының бірыңғай қайырымдылық операторы 875 млн теңге бөліп, тарихи-танымдық орталық салып берді. Ол ашылғалы ауданның туристік әлеуеті артқан.

Құралай Айдарәлиева, музей директоры:

— Оның ішінде ең алғашқы фотосуреттер, алғашқы бұрғылау кезіндегі әрбір кәсіпшіліктің мұнай өнімдері, сонымен қатар осы жеті қат жер астындағы мұнайды өндірген атақты мұнайшыларымыз туралы деректер алуға болады.

Биыл «Самұрық-Қазына Траст» Құлсары қаласында дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысын да бастады. Ол жаңадан салынған «Болашақ» шағын ауданда орналаспақ. Ауданы 1,5 мың шаршы метрден асатын 2 қабатты кешенде волейбол, баскетбол және үстел теннисімен шұғылдануға болады, әрі мүгедек жандар үшін де толық жағдай қарастырылған.

Гүлнәфис Айшуақова, Жылыой ауданы әкімінің орынбасары:

— Бүгінгі күнге дейін «Samruk-Kazyna Trust» компаниясымен Құлсары қаласында 150 орындық түзету кабинеті ашылған болатын. Сонымен қатар былтырғы жылы 5 жалпы білім беретін орта мектепте 5 инклюзивті кабинет ашылды. Айтқандай, бүгінде осындай сауықтыру кешені Ақтөбе, Арқалық және Қонаев қалаларында да бой көтеріп келеді. Сонымен бірге 3 инклюзивті спорт орталығының құрылысы да басталған.

Альфия Әдиева, «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры:

— Биыл Қазақстан бойынша 3 өңірде әлеуметтік нысан салуды жоспарлаған едік. Солардың бірі – Атырау облысы. Атыраудағы Гагарин көшесінде орналасатын, аумағы 3,5 мың шаршы метрді құрайтын кешенде бассейн болады. Онда ерекше қажеттіліктері бар азаматтар мен дені сау тұрғындар бірдей спортпен айналыса алады. Соңғы 10 жылда қор Атырау облысында жалпы құны 14 миллиард теңгеден асатын 34 әлеуметтік жобаны жүзеге асырды.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов

Сондай-ақ оқыңыз: