Атбасарда жаңғыртудан өткен теміржол вокзалы ашылды
Ақмола облысының Атбасар қаласында жаңғыртудан өткен теміржол вокзалы пайдалануға берілді, деп хабарлайды 24KZ Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Салтанатты шараға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, ҚР Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы Нұржан Келбуғанов, «ҚТЖ» ҰК» АҚ өкілдері, мердігер ұйым және қала тұрғындары қатысты.
Ашылу рәсімінде Нұржан Келбуғанов елдегі жолаушылар теміржол инфрақұрылымын жаңартудың маңызына тоқталды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанда 124 теміржол вокзалын реконструкциялау және жаңғырту бойынша ауқымды бағдарлама жүзеге асырылуда. Ақмола облысында жұмыстардың елеулі көлемі жүргізілуде, мұнда бағдарлама 16 теміржол вокзалын қамтиды. Бұл – республика өңірлері арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Аталған жобаның іске асырылуы жолаушылар үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар жасап, қызмет көрсету сапасын арттыруға ықпал етеді, – деді Нұржан Келбұғанов.
Атбасар станциясының теміржол вокзалы 1956 жылы салынған. Жоба аясында бұрынғы ғимарат бұзылып, оның орнына заманауи вокзал кешені бой көтерді.
Ғимараттың ішкі бөлмелері толық жабдықталып, инженерлік желілері жаңартылды. Шатыры мен қасбеті жөнделіп, перрон қайта жаңғыртылды. Сондай-ақ вокзал маңындағы аумақ абаттандырылды.
Нәтижесінде вокзал кешенінің аумағы 661 шаршы метрден 823 шаршы метрге дейін ұлғайды.
Нысанда қауіпсіздік пен қолжетімділікке де ерекше көңіл бөлінген. Жаңа эвакуациялық жолдар жасалып, өрт қауіпсіздігі талаптарына сай есіктер орнатылды. Қозғалысы шектеулі азаматтар үшін пандус қарастырылған.
Атбасар станциясының вокзалы 3-сыныпты нысандар қатарына жатады. Мұнда тәулігіне орта есеппен 310 жолаушыға қызмет көрсетіледі.
Станция арқылы Астана, Қостанай, Семей, Қарағанды, Ақтөбе, Орал, Маңғыстау және Қазақстанның басқа да қалаларына қатынайтын 16 жолаушылар пойызы өтеді.
Вокзалды жаңғырту жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттырып, келушілерге қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға бағытталған.