Шығыс Қазақстан облысы жылу беру маусымына 97% дайын

Өңірде жылу орталықтары мен нысандары жөнделіп, резервтегі қазандықтар әзірленді. Бұл туралы жергілікті билік өкілдері хабарлады. Мысалы, Өскемендегі Ахмер шағын ауданында 1974 жылы салынған қазандық толық жаңғыртудан өтті, деп хабарлайды 24KZ.

Бұл - Өскемендегі Ахмер шағын ауданы. Яғни әскери қалашық. Мұнда бес қабатты үйлерге жылу жарты ғасыр бұрын салынған қазандықтан беріліп келген. Бірақ жылдар өте жабдықтар тозып, қазандық апатты режимде жұмыс істей бастады. Соның кесірінен тұрғындарды жылумен қамту сапасы төмендеді. Бұған дейін нысан Қорғаныс министрлігінің балансында болған. Кейін коммуналдық меншікке өтіп, қазандықты толық жаңғыртуға бюджеттен 800 миллион теңге бөлінді.

Игорь Заруднев, «Шығыс Жылу» АҚ жылу энергиясын өндіру департаментінің директоры:

— Қазандықтың барлық негізгі және қосалқы жабдықтары толық жаңартылды. Сонымен қатар қазандық агрегатын басқарудың автоматтандырылған жүйесі орнатылды.

Қазандық жабдықтарын автоматтандырудың арқасында жылу беру көлемі артты. Ал көмірдің жылдық нормативтік шығыны 300 тоннаға азайды.

Игорь Заруднев, «Шығыс Жылу» АҚ Жылу энергиясын өндіру департаментінің директоры:

— Біріншіден, осы жылу көзінің сенімділігін арттыруға, оның үздіксіз жұмыс істеуіне мән беріп отырмыз. Тұтынушыларымызға жылуды тұрақты жеткізуге басымдық беріледі.

Шығыс Қазақстан облысында аумақтарды дамытудың бас жоспары бекітіліп, жаңа тұрғын үйлер салынуда. Биыл өңірде 900 мың шаршы метрге жуық баспана пайдалануға берілмек. Жаңа үйлерді инженерлік желілермен және тұрақты жылумен қамтамасыз ету үшін жылумен жабдықтау нысандарын жөндеуге және жаңғыртуға 28 миллиард теңге бөлінді. Соның нәтижесінде қажетті қуат резерві жасалып, Ахмер елді мекеніндегі қазандықтың қуаты шамамен екі есе артты. Бұл жаңа абоненттерді жылу жүйесіне қосуға мүмкіндік береді.

Самат Дайыров, Энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:

— Қалған қазандықтар мен ЖЭО бойынша да жұмыстардың 97-98% атқарылды. Жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Жалпы жылыту маусымын бастауға және жылуды уақытылы беруге қатысты мәселе жоқ. Негізгі жабдықтардың барлығы жұмыс істеп тұр. Қазір жылу көздері үшін шамамен 600 мың тонна көмір дайындалды.

Жылыту маусымында Шығыс Қазақстан облысына 3 млн тоннадан астам көмір қажет. Қазір оның 70% дайындалды.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин

Сондай-ақ оқыңыз: