Атырауда 2,7 млн теңге айыппұлы бар көлік жүргізушісі ұсталды
Атырау қаласында бақылау камералары мен полицияның жедел әрекеті арқылы мемлекетке 2,7 миллион теңге қарызы бар жүйелі түрде жол ережесін бұзушы анықталды, деп хабарлайды «24KZ».
Орталық көшелердің бірінде тоқтатылған BMW маркалы автокөліктің иесінің атына 43 төленбеген әкімшілік айыппұл бар екені анықталды. Тексеру нәтижесінде тәртіп сақшылары жүргізушіге тиісті хаттамалар толтырып, көлікті қарыз толық өтелгенге дейін арнайы айыппұл тұрағына қойды.
Айта кетейік, 23 қыркүйек күні сағат 10:30 шамасында Жедел басқару орталығының операторлары аталған көлікті бейнебақылау жүйесі арқылы байқап, патрульдік полиция экипаждарына дереу бағдар берген болатын. Қазіргі таңда жол камераларының ішкі істер органдарының базаларымен интеграциялануы ережелерді бірнеше рет бұзып, айыппұл төлеуден жалтарған жүргізушілерді дер кезінде анықтап, көліктерін айыппұл тұрағына қамауға толық мүмкіндік беріп отыр.