Ұлдана Мырзуан ісі: Әділет Зейнел жәбірленуші мәртебесінен бас тартпайтын болды
Астанада қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот отырысында марқұмның күйеуі Әділет Зейнел бұрынғы өтінішінен бас тартып, бұл іс бойынша жәбірленуші мәртебесінде қалатынын мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Осы қылмыстық іс бойынша жәбірленуші мәртебесінде қалып, бұрынғы өтінішіңізден бас тартасыз ба? - деп сұрады судья сот отырысында.
Әділет Зейнел бұл сұраққа нақты жауап беріп, өз ұстанымын растады.
Еске сала кетейік, сот процесінің басында Әділет Зейнелдің адвокаты Мұрат Мәуметов марқұмның күйеуі бұл статус пен құқықтарды Ұлдананың анасының пайдасына беру үшін жәбірленуші мәртебесінен бас тартқанын мәлімдеген болатын. Алайда сотта бұл шешімін өзгеріп, ол жәбірленуші ретінде қатысуын жалғастыратын болды. Қазіргі уақытта бұл іс бойынша сот отырыстары жалғасып жатыр.