Оралдағы «Хан тоғайын» қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр
Оралда өрттен зардап шеккен «Хан тоғайын» қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шілде айында орман отқа оранып, 18 гектар алқап зақымданған еді. Қазір орман шаруашылығының қызметкерлері аумақты өртенген ағаш қалдықтарынан тазартып жатыр. Бұл учаске қала аумағындағы бірегей табиғи орман алқабының бөлігі саналады. Тоғайды қалпына келтіру үшін қандай жұмыстар атқарылады және жасыл желектер бұрынғыдай жайқала ма? Бұл туралы 24KZ хабарлайды.
«Хан тоғайы» — Орал өңіріндегі негізгі жасыл-желек алқаптарының бірі. Жайық пен Шаған өзендерінің аралығында орналасқан тоғайдың аумағы 256 гектарды құрайды. Мұнда ағаштың бірнеше түрі өседі. Кейбірінің жасы екі жүз жылға жуықтайды. «Алайда соңғы жылдары аумақта қураған және құлаған ағаштар көбейіп, өрт қаупін арттырып отыр», — дейді экологтар.
Лұқпан Өтебәлиев, экологиялық комиссия мүшесі:
— Бұл жолдың екі жағын тоғай көмкеріп тұр. Оның ішінде құлаған, қураған ағаштар өте көп. Міне, сол қураған бұтақтар сыртқы әсерлерден өрт шығу қаупін арттырады. Бұл мәселе жөнінде бірнеше рет жаздым. Қазір нәтижесі көріне бастады.
Қалпына келтіріліп жатқан «Хан тоғайының» бүгінгі көрінісі осындай. Өрттен 18 гектар орман алқабы зақымдалды. Оқиға ізін әлі де байқауға болады. Орманшылар от шалған аумақты тазалауға кіріскен.
Бүгінде толықтай жанып кеткен учаскелерде санитарлық кесу жұмыстары жүргізілуде. Оның жалпы аумағы шамамен 12 гектар. Қазірдің өзінде 655 текше метр ағаш шығарылды. Өртенген аумақты қалпына келтіру үшін 2-3 жыл керек. Сол кезде қазіргі жас өскіндер тамыр жайып, бойын бекітеді.
Нұржан Өмірәлиев, Орал орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің бөлім:
— Қазір санитарлық-тазалау жұмыстары жүріп жатыр. Жұмыстарды Орал орман шаруашылығы мекемесі өз күшімен атқаруда. Бүгінде жалпы көлемі 2,5 гектардай аумақ тазаланып, ағаштар кесілді. Кесілген ағаштарды өзіміздің мекемеге апарамыз. Қазіргі таңда екі трактор мен екі техника жұмыс істеп жатыр.
Тазартау жұмыстары әлі де жалғасады. Биыл 10 гектар алқап аршылуы тиіс. Кесілген ағаштар тілініп, қоршаулар жасалады, ал үгіндісі өңделеді. Өнімнің бір бөлігі шаруашылықтың қажетіне жұмсалса, қалғаны тұрғындарға сатылады.
Аслан Зағыпар, Орман қорғау және күзету бөлімінің инженері:
— Осы тазарту және кесу жұмыстары барысында алынған өртенген, зақымданған ағаштарды өңдеу үшін мекеменің ақылы қызмет көрсету шотынан екі жаңа ағаш цехы сатып алынды. Жұмыс барысында мекеме қызметкерлері зақымданған және өртенген ағаштарды сұрыптайды.
Осылайша, «Хан тоғайын» қалпына келтіру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ. Егілген өскіндер бой көтеріп келеді. Дегенмен экологтардың бағалауынша, жас орманның толық қалпына келуіне шамамен 20 жыл қажет.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Альбина Құмарғалиева, Болат Жарылғасов