Қанат Бозымбаев Маңғыстаудағы төтенше жағдайға байланысты ресми мәлімдеме жасады
Вице-премьер Қанат Бозымбаев Маңғыстау облысындағы төтенше жағдайға байланысты ресми мәлімдеме жасады.
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың мәлімдемесі
Бүгін еліміз ауыр қайғыға ұшырады. Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиғаның салдарынан 12 әскери қызметші қаза тауып, үшеуі құтқарылды. Әлі табылмаған екі әскери қызметшіні іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қаза тапқан сарбаздар мен офицерлердің отбасыларына, туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Президент және бүкіл Қазақстан халқы сіздердің орны толмас қайғыларыңызға ортақ. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет менің жетекшілігіммен арнайы комиссия құрды. Осы жағдайға байланысты құзырлы органдар қылмыстық істер қозғады.
Тергеу барынша мұқият, жан-жақты әрі қысқа мерзімде жүргізіледі. Қайғылы оқиғаға себеп болған әрбір лауазымды тұлға заң алдында ең қатаң түрде жауап береді. Мемлекет қаза тапқандардың отбасыларын жалғыз қалдырмайды. Қаза тапқан әрбір әскери қызметшінің отбасына қомақты материалдық көмек беріліп, сондай-ақ барлық қажетті қолдау көрсетіледі.
Тергеу барысы мен отбасыларға көмек көрсету жұмысын жеке бақылауымда ұстаймын.