Павлодарда «Менің Отаным – Қазақстан!» республикалық слеті өтіп жатыр

Екі күнге жоспарланған шарада жас туристер өзара бақ сынап қана қоймай, тәжірибе алмасады.  

Бұл – жастар үшін спорт пен туризмді, шығармашылық пен достықты тоғыстырған ерекше алаң.

Туризмді насихаттап, жастарды белсенді өмір салтына баулитын слет Павлодардағы Экология және туризм орталығында өтіп жатыр. Оған еліміздің әр өңірінен 180 білім алушы мен 40 жетекші келді. Ал слеттің өңірлік кезеңдеріне 104 мыңнан астам оқушы қатысқан.

Райгүл Әлмұханова, БҚО Туризм және экология орталығының бөлім меңгерушісі:

- Менің ойымша, қазір біздің команданың деңгейі жоғары, дайындығымыз жақсы. Командамыз бірнеше жылдан бері үздік үштіктің қатарында келеді.

Слетке Шымкент қаласынан келген Есімхан Асанханұлы «Менің Отаным – Қазақстан!» бейнеролик номинациясында бақ сынауда. Жас турист туған жерінің көпшілік біле бермейтін көрікті жерлерін таныстырып, оны туристерге ұсынуды мақсат еткен.

Есімхан Асанханұлы, қатысушы:

- Мен Шымкент қаласынан бес нысанды таңдадым. Біріншісі — қаланың көне бөлігіндегі Цитадель. Екіншісі — Қызғалдақ монументі. Үшіншісі — Жапон саябағы. Ол 2026 жылы халықаралық деңгейдегі алғашқы жүлдеге ие болды. Төртіншісі — дендросаябақ. Ал бесіншісі — Бәйдібек би ескерткіші.

Әбілмерей Айдосұлы бұл жарысқа алғаш рет қатысып отыр. Қазақстанда туризм саласының дамып келе жатқанын көріп, болашақта осы бағытта білім алуды жоспарлаған. Туризмге деген қызығушылығы да ерекше. Әсіресе тауға шығуды ұнататын саяхатшыларға жол көрсетіп, кәсіби гид болуды армандайды.

Әбілмерей Айдосұлы, қатысушы:

- Маған тауға шығу қызықты. Қазір Қазақстанға түрлі туристер келіп жатыр. Соның арқасында тауға шығуға деген қызығушылығым арта түсті. Біз осы бір айдың ішінде біраз нәрсені үйрендік: жіп байлауды, түрлі құралдардың атауларын, яғни ең қажетті дағдыларды меңгердік десем болады.

Сайыс алаңында жас туристердің шапшаңдығы мен ептілігі сыналады. Спорттық бағдарлау кезінде қатысушылар карта мен компасты пайдаланып, белгіленген бағытты мүмкіндігінше жылдам әрі дәл өтуге тырысады. Ал туристік кедергілер жолағында төзімділік пен шапшаңдықпен қатар командалық жұмыс та маңызды.

Рустам Кенжин, слеттің бас төрешісі:

- Туристік слеттің ауқымы өте кең. Ол тек спорттық туризмді ғана қамтымайды. Мұнда қатысушылар гитарада ән шырқап, бардтық өнерін де көрсетеді. Ең бастысы, бұл балаларды біріктіріп, олардың арасында достық қарым-қатынасты нығайтады, жарқын эмоциялар сыйлайды, жарыс рухын қалыптастырып, салауатты өмір салтын насихаттайды. Өйткені мұнда олар өз өңірлерінде үйренген барлық дағдылары мен шеберліктерін көрсетеді.

Слетке келген жастар сонымен қатар Павлодардың тарихи орындарын аралап, музейлерге барды. Өңірдің тарихы мен мәдениеті жайлы деректермен танысып, өткеніне саяхат жасады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков

Сондай-ақ оқыңыз: